Мұны бүгінгі өткен баспасөз брифингінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайсар Әбсейітов айтты.
«2023-2025 жылдары сумен жабдықтау бойынша 51 жобаны жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 19,3 млрд. теңгені құрайтын бюджеттік өтінім жолданды. Оның ішінде, 19 жобаға республикалық бюджеттен 10.1 млрд теңге бөлу мәселесі мақұлданды»,- деді маман.
Оның айтуынша, қалған 32 жоба жергілікті бюджетке ұсынылды. Жалпы құны – 9,2 млрд. теңге.
«2025 жылға дейін ауылдық елді мекендердің 99,6 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі», – деді Қайсар Әбсейітов.
Алматы облысы: биыл елді мекендердің 94%-ы ауыз сумен қамтылмақ
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайсар Әбсейітов айтты.
«Қазіргі таңда Алматы облысындағы елді мекендердің 92,7 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл бұл көрсеткішті 94 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз»,- деді маман.
Бөлім басшысының мәліметінше, аталған мақсатқа жету үшін өңірде жалпы құны 9,5 млрд теңге болатын 28 жоба іске асырылып жатыр. 2022 жылы Кеген және Талғар аудандарындағы 2 нысанның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ өткен жылы қаражаты игерілмей қалған жалпы сомасы 1,1 млрд теңгені құрайтын 5 нысанның қаржысын қайтаруға аудандардан ұсыныс түскен. Олар: Қарасай, Ұйғыр, Райымбек, Талғар аудандары.
«28 жоба аяқталса 534 шақырым су желісі салынады және қайта жөндеуден өтеді. Нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозуы 57,7%-дан 47%-ға дейін төмендейді»,- деді Қайсар Әбсейітов.
Айта кетейік, облыстағы су желілерінің жалпы ұзындығы – 5128 км.