Облыста дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау бойынша «Жас дарын» облыстық оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов баспасөз брифингінде мәлім етті.
«Дарынды балаларды қолдау және терең білім алуына жағдай жасау мәселесіне облыста ерекше көңіл бөлініп отыр. 2022 жылы халықаралық, республикалық деңгейде өткен байқауларға 517 оқушы қатысып, оның 81-і жүлделі орындарға ие болды. Балалар жылы аясында «Mi batlle» зияткерлік ойын Кубогы, «Бақытты бала – бақытты ел» тақырыбында пікірталас турнирі ұйымдастырылды», – деді Лаззат Тұрлашов.
Жалпы 2021-2022 оқу жылында республикалық, облыстық олимпиадалар мен конкурстарды ұйымдастыруға және өткізуге жергілікті бюджеттен 76 млн 986 мың теңге бөлінді.
Облыстағы дарынды балаларға арналған 6 мамандандырылған білім беру мекемесінде 3779 бала ғылым негіздерінен тереңдетілген білім алады.