Жастардың мойнындағы несиелер мен қарыздар, жастардың арасында есірткі заттарының тез тарауы, құмар ойындарға қызығуы және тағы басқа өзекті мәселелерді Алматы облысы жастар ресурстық орталығының басшысы Мақсат Кенешев баспасөз-маслихатында атап өтті.
Бүгінгі таңда жастардың өмір сапасын жақсарту мен оларды еңбекке баулу жолында түрлі қиындықтар кездесіп жататыны жасырын емес. Заманның жағымсыз ағымында әсіресе NEET – жастар (білім жоқ жастар индексі, кәсіби білімсіз) түсіп жатады. Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны – 280 017. Статистикаға сүйенсек, NEET – жастардың саны – 17 520 жасты құрайды.
Алдағы уақытта жастарға бағытталған біршама жобалар ұйымдастырылып және проблемалар шешімін табады деп жоспарлануда.
«2023-2028 жылдар аралығында жастар арасында жұмысты жандандыру мақсатында «Жайдарман облыс әкімінің» кубогі, пікір сайыс ойындары, «Алатау жастары» жаңа тұрғын үй бағдарламасы, «Алатау жастары» волонтерлер сыйлығы, «Жыл үздігі – 2022» аудан, қала әкімдерінің сыйлығы, «Көшбасшы – 2022» Алматы облысының әкімінің сыйлығы жобалары өтеді»,- деді Мақсат Кенешев.
Одан бөлек жастар ресурстық орталығының басшысы жастардың төмендегідей мәселелерін шешу жолдарын да атап өтті:
- Жастардың арасындағы жұмыссыздық – аудан, қалаларда, ауылдық округтерде облыстық жастар ресурстық орталығы тарапынан бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыру. Жәрмеңкелер барысында жастарды облыс көлеміндегі бос жұмыс орындарымен таныстырып, қажетті мамандықтар бойынша жұмыс берушілермен жолықтырып, жұмысқа орналастыру, тегін мастер-класстар негізінде мамандықтарға үйрету қажет.
- Жастардың дұрыс мамандық таңдамауы – мектептердегі 9-11 сынып оқушыларына мамандық таңдау тақырыбында кездесулер ұйымдастырып, қандай мамандықтарға сұраныс көп екендігін айқындап, оқу-орындарында берілетін жеңілдіктерді түсіндіріп, бағыт-бағдар беру керек.
- Ауыл жастарының шетте қалуы, қажетті ақпараттың жетпеуі – облыстық жастар ресурстық орталық қызметкерлеріне ауылдық округтерді аралап, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, түсіндіру, ауыл жастарына берілетін гранттарды, жеңілдіктерді насихаттау, мемлекеттік органдарда қызмет атқарушы тәжірибелі мамандармен кездестіру жұмыстарын ұйымдастыру керек.
- Коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жалақы мөлшерінің аздығы – жастардың жұмысын жандандыру үшін жалақы мөлшерінің коэфицентін көтеру, облыс бюджетінен берілетін қаржыландыруды арттыру немесе әр тоқсандық жұмыс көрсеткішіне сай ынталандыру қаражаттарын беру арқылы жалақыларының мөлшерін көтеру керек.
- Жас отбасылар мен жас мамандар үшін тұрғын үйдің қол жетімсіздігі – әлеуметтік жағдайы төмен жас отбасылар мен жас мамандар үшін шаршы метріне шаққандағы бағасы арзандатылған тұрғын үй құрылыстарын бастау; үш жылға дейін арзандатылған бағада жалдамалы баспаналармен қамтамасыз ету керек.
- Жас кәсіпкерлерге арналған, бизнес бастауға қажетті үстем ақының қол жетімсіздігі – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан жас кәсіпкерлерге берілетін үстем ақылардың берілу жолдарын жеңілдетіп, үстем ақы көлемін нарықтық бағаға сәйкес тоқсанына бір реттен көтеру қажет.
- Жастардың арасындағы онлайн казинолар мен құмар ойын сайттарының ашық жарнама жасалуы – казинолар мен құмар ойындарды жарнамалаушы сайттардың, әлеуметтік желілердің, онлайн кинокөрсетілім сайттарының иегерлеріне жалпы ұлттық тіркеу жұмыстарын жасап, айрықша жоғары салық жүргізу қажет немесе мүлдем жаранама жасауға тыйым салу керек.
- Жастардың мойнындағы несиелер мен қарыздардың көптігі, онлайн несиелердің пайызы екі есе болуы, шағын несиелік мекемелердің несие беру жасы 18 жастан емес 21 жасқа дейін ұзарту;
- Жастардың арасында есірткі заттарының тез тарауы, олардың жарнамасының көптігі, әлеуметтік желілерде кең таралуы.
Ал осы уақытқа дейін, облыс бойынша жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, олардың қоғамдық жұмысқа тарту, белсенділіктерін арттыру мақсатында 1 облыстық 9 аудандық жастар ресурстық орталықтары жұмыс атқаруда. Штаттық режим бойынша облыстық жастар ресурстық орталығында 24 ал, аудандық жастар ресурстық орталықтарында 45 маман қызмет атқаруда. Облыс орталығында жастармен жұмысты жүргізу үшін арнайы 4 бөлім қызмет атқарады, олар: «Ұйымдастырушылық бөлімі», «Жастар бастамаларын дамыту және NEET тобымен жұмыс бөлімі», «Аймақтар бөлімі» және «Ақпараттық сүйемелдеу және әлеуметтік желілермен жұмыс істеу бөлімі».
Облыс көлемінде салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, жастарды мәдени, азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарға тарту, отбасылық құндылықтарды дамыту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жастарды этносаралық келісімді нығайтуға байланысты жыл басынан бері 65 000 жастың қатысуымен 3000 шара өткізілді.
Жастардың арасында ерте жүктілік, ажырасудың алдын алу, некеге тұрған жастар, репродуктивтік денсаулық, интернетке тәуелділіктің алдын алу, жастар арасында суицидті болдырмау мақсатында облыс көлемінде 10 психолог маманнан тұратын «Бақыт клубы» жұмыс атқарады. «Бақыт клубы» жыл басынан бері 150 ге жуық 5000 жасты қамтитын шара ұйымдастырылды.
Жастарды еңбекпен қамту бойынша жұмыстар да жүргізілуде. Соның бірі «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшыларының маусымдық жұмысы. Биылғы жыл соңына дйін 1000 жас жұмыспен қамтылуда.
Жыл басынан бері жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бизне бастау», стартап жобалар байқауы және Zhas Project жобалары аясында 427 жоба ұтып алып өз кәсіптерін бастауда.
Облыс бойынша 9 айлық көрсеткішке сәйкес мемлекеттік бағдарламалардың жастар арасында жүзеге асу қорытындысы:
- «Дипломмен аулыға» бағдарламасы бойынша: 546 жас;
- «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша: 998 жас;
- «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша: 455 жас;
- «Қоғамдық жұмыс орындары» бағдарламасы: 797 жас;
- «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы бойынша: 149 жас.
Облыс көлемінде волонтерлік жұмысты күшейту мақсатында «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисі жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда облыс бойынша 3598 волонтер тіркелген. Волонтерлік ұйымдар саны – 36, жастар ісі жөніндегі комитет саны – 15, жастар үкіметтік емес ұйымдар саны – 17.
Ағымдағы жылдың 11 қаңтар күнінен бастап «Күшіміз бірлікте» волонтерлік акциясы аясында 404–404 «Жедел желісі» іске қосылып, жалғызбасты, көпбалалы отбасылардан жалпы саны 181 қоңырау шалынды.
Алматы облысында жыл басынан бері 4029–дан астам волонтерлік акциясы ұйымдастырылды.
- «Birgemiz: Ayala» бағыты бойынша 151-ден астам іс-шара үйсіз жануарларды қорғауға және көмектесуге бағытталған. Облыс көлемінде үйсіз жануарларға байланысты мәселелерді шешуге «ЗООКЛУБ» ҚҚ көмек көрсетеді.
- «Birgemiz: Asyl Mura» бағыты аясында ескерткіштерді тазалау, тарихи-мәдени объектілерді сақтау бойынша жыл басынан – 78 акция өтті.
- «Birgemiz: Bilim» бағыты бойынша халықтың әртүрлі топтарын цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауатылыққа оқытуда волонтерлік көмек көрсету жөніндегі қызмет бойынша жыл басынан – 210 акция өтті. Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан және ауыл мектептеріндегі балаларға арналған ағылшын тілін оқыту мақсатында волонтерлер арқылы облыс көлемінде «Bilim way» жобасы ұйымдастырылды. Жоба аясында 80 волонтердің көмегімен кемінде 1 200 оқушыны қамтылды.
- «Birgemiz: Qamqor» бағыты бойынша 2711 акция ұйымдастырылып, 10 820 аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілді. Облыс көлемінде «Іле жүргеі», «Ана мен бала», «Жерұйық Кеген» және т.б. волонтерлік ұйымдары белсенді жұмыс атқарады.
- «Birgemiz: Saylyq» бағыты аясында науқастар күтіміне көмек көрсету бойынша 99 акция ұйымдастырылды. Дәріханалардың жұмыс кестесі туралы ақпарат беру мақсатындағы «Онлайн дәріхана» акциясында 11- 20 қаңтар күндері 36 жалғызбасты қартқа олардың өздерінің қаражаты есебінен дәрі -дәрмектер жеткізілді.
- «Birgemiz: Sabaqtastyq» бағыты аясында волонтерлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі әлеуметтік қызмет көрсету бойынша – 149 акция өтті. Облыс көлемінде «First class» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында тәжірибе алу және жетім балалардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, тәлімгерлер пулы қалыптастырылды.
- «Birgemiz: Taza Alem» бағыты аясында – қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптауға үйрету бойынша қызмет – 349 акция өтті.
- «Birgemiz: Umit» бағыты бойынша жоғалған адамдарды іздеу, апаттар қаупін азайту және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысты бойынша – 589 акция өтті.
Өңірлік фронт-офистердің қызметкерлері волонтерлерді көбірек тарту үшін белсенді үгіт-насихат қызметін жүргізеді. Ауылдық округтерде бұл жұмысты жастар ісі жөніндегі нұсқаушылар ұйымдастырады.