Жетісу облысында ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындары басталды. Жарыс ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өтуде. Жазғы ойындары олимпиадалық спорттың 12 түрінен: волейбол, дзюдо, баскетбол, көгалдағы хоккей, үстел теннисі, грек-рим және еркін күрестен өтуде. Сондай-ақ, қатысушылар қазақ күресі, асық ату мен тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрінен бақ сынасуда. Айта кетерлігі жыл сайын спорт түрлерінің саны көбейіп келеді.
Жазғы ойындарға 15 облыстан 3 мыңға жуық спортшы қатысуда. Спортшылар 2007-2009 жылдары туылған, тек ауылда тұратын жасөспірімдер.Жарысқа арнайы іріктеуден өткен 220 төреші төрелік етпек. Жазғы ойындарға іріктеу үш кезеңнен тұрды. Яғни, ауылдық округте, аудан аралық және облыс көлемінде 15 мыңнан астам спортшы өзара бақ сынасып, финалға жолдама алды.
«Біз бұл ойындар арқылы ауыл жастарын спортқа тартамыз, халық арасында саламатты өмір салтын насихаттаймыз. Спорттың бұқаралық спиат алуына жағдай жасаймыз және қатысып жатқан спортшыларымыз ертеңгі біздің Ұлттық құрама үміткерлері. Біз – ұйымдастырушылар әр ойындарда спорт түрлерін таңдауға ерекше мән береміз. Алғашқы жазғы ойындар спорттың 9 түрінен өтсе, биыл 12-ге жетіп отыр. Әр жарыста жай спорт түрлері қосылып жатқан жоқ. Бұл сонымен бірге сапа мен қызығушылықтың артқанының айғаға»,- деп атап өтті ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев.
Жарыс Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайы, «Өркен» спорт кешені, «Болашақ» стадионы, І. Жансүгіров атындағы «Жетісу» университетінде, жастарға қызмет көрсету орталығында, «Жастар – 2», «Жетісу», теннис орталығында өтуде. Республикалық IV жазғы ойындар 3 тамызға дейін жалғасады. Финалда жалпы командалық есеп ескеріліп, үздік үш облыс марапатталмақ.