Еліміздегі Атырау, Маңғыстау, Түркістан және Алматы облыстарында мұғалім тапшылығы жоғары деңгейде. Тек Алматы облысында 602 маманға тапшылық Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа бағдарлама қолға алынып отыр. Бұл туралы Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Өңірде мұғалім тапшылығын азайту үшін жасалған жаңа бағдарламаның артықшылығы көп. Жаңадан жұмысқа алынғандарға лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде ынталандыру төлемдері бар. Оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығын өтеу қарастырылған.
Жалпы, Алматы облысында бастауыш сынып, орыс тілі және әдебиеті, математика, физика, химия, тарих, география, биология, информатика, ағылшын тілі мұғалімдері жетіспейді.
«Байқау жайлы хабарлама facebook, Instagram парақшаларында, сондай-ақ, Алматы облысы білім басқармасының ресми сайтында жарияланды. Құжаттарды қабылдау 17 маусымда басталды. Бұл байқау жайлы естімеген тұрғындарға айтарым, 26 маусымға дейін уақыт бар. Байқауға тәжірибелі ұстаздармен қатар оқуды енді бітірген жас мамандар да өтінім бере алады. Бағдарламаға қатысушы ұстаздар алдымен өз пәні бойынша тест тапсырады. Екінші кезеңге өткендер 350 сөзден тұратын эссе жазуы керек. Екі кезеңнен сәтті өткен мұғалім соңғы әңгімелесуден өтеді. Әңгімелесу зум платформасы арқылы сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылады», – деді Айжан Адамбекова.
Айта кетерлігі іріктеуден өткен мұғалімдерге 4 апталық біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Сонымен қатар, онлайн және офлайн форматтағы семинарлар, вебинарлар, шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.