Алматы облысында 1,6 млн халық МӘМС жүйесіне тіркелген, оның ішінде 1,1 млн тұрғын жеңілдетілген санатқа жатады. Яғни олар үшін арнайы жарна мемлекет қазынасынан төленеді. Ал өңірдегі 460 мың адам аталған жүйге тіркелмеген. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев мәлімдеді.
Ағымдағы жылы МӘМС үшін 65,1 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бюджеттің 18,8% — ға ұлғайғанын көрсетуде. Тегін медициналық кепілдендірілген көмек көрсету пакеті (ТМККК) аясында — 97 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бас-аяғы 2022 жылға нақтыланған бюджет жоспарына сәйкес облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге 162,1 млрд теңге бөлінген.
«Биыл ерекше назар профилактикалық медицинаға, балалар денсаулығын нығайтуға, мектеп медицинасына, онкогематологияға аударылатын болады. Қор елдегі оңалтуды, соның ішінде амбулаторлық деңгейдегі көмекті ынталандыруда. Облыс бойынша 48 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Жалпы жоспарланған қаражат мөлшері – 5,5 млрд. теңге, яғни 71 127 жағдайдағы реабилитациялық көмекке арналған»,-деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар халықты аса толғандыратын мәселелердің бірі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бүгінде амбулаториялық–емханалық көмек бойынша препараттарды сатып алуға 16,7 млрд. теңге қарастырылған, оның ішінде ТМККК шеңберінде – 12,8 млрд. теңге және МӘМС шеңберінде – 3,9 млрд. теңге көзделген.
Айта кетейік, Алматы облысы бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған жалдамалы жұмысшылардың үлесі – 8%, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтіндер – 12% және жеке кәсіпкерлер – 2%-ды құрайды.