Қазақтың дархан даласындағы даралық пен көркемдіктің шегі жоқ. Бұл мекен тек қызғалдақтың емес мәдени алманың түп тамыры- «Сиверстің» отаны десек артық айтқандық емес. Бүгінде Алматы облысындағы Жоңғар Алатауы мемлекеттік табиғи ұлттық паркінде дәл осы жабайы алманың өсуі сөзімізге дәлел.
«Сиверс» жабайы алмасы көктемнің соңғы айында гүл атады. Осындай табиғаттың әсемдігін жер жаһанға паш ету үшін жыл сайын «Сиверстің гүлденуі» фестивальі өткізіледі. Биылғы жылыда мамыр айының 4-ші жұлдызында Сарқан ауданы, Тополевка ауылының маңында аталмыш шара кезекті рет салтанат құрды.
Фестивальді өткізудегі негізгі мақсат- қоғамның назарын осынау табиғи байлыққа аударып, жойылып кетпеуіне экологиялық тұрғыдан ықпал ету.
Ауқымды шараны жоғарғы деңгейде өткізу үшін әдеттегідей Тополевка ауылы маңайындағы тау бөктерінде қазақ үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүр мен мәдени құндылықтарды дәріптеу мақсатында арнайы көрме ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама келуші жұрттың назарына ұсынылды. Бұл күні, табиғаттың көркемдігін көрмекке келген елге әнші Динара Сұлтан әннен шашу шашып, ел көңілін көтерді.
Сиверс – Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің негізгі нышаны. Мұнда жабайы алманың алып жатқат жер көлемі 3800 га құрайды.
Гүлденуінің өзі бүтін бір фестивальді ұйымдастыруға арқау болып жүрген «Сиверс» қызыл кітапқа енгізілген. Осындай жабайы алма ағашының қорын сақтаудың әдіс-тәсілін жақсарту жолында Алматы және Талдықорған қалаларындағы Ғылыми иституттармен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.
«Бүгінде 340-тан астам мәдени алма түрі бар, Қазақстанның жабайы алмасы осылардың түп атасы. Мұны дүние жүзі мойындап отыр.Оны мойындатуға да 20 жыл уақытымыз кетті. Сондықтан,осы байлығымызды сақтап қалып, болашақ ұрпаққа жеткізу бүгінгі Үкімет басшылары, ғылымда жүрген адамдар мен парк қызметкерлерінің алдындағы басты міндет»,- дейді Экология және орнықты даму институтының директоры Құралай Кәрібаева.
Қазіргі таңда дәл осы сирек кездесетін жабайы алма түрінен табыс тауып, өндірісте тасы өрге домалап отырғандарда бар. Солардың бірі- Дмитрий Зененка.
« Біз Қазақстанда сиверс алмасын өндірісте өңдеп шығарған алғашқы зауытпыз. Еліміз бойынша жабайы алмадан «сидр» өндіреміз.
Сонымен қатар жергілікті өнімнен кальвадос жасап шығардық. Бұл өз кезегінде Қазақстанның әлемге өзге қырынан танылуына ықпал етеді. Мен бұған дейін Іле Алатауында өсетін жабайы алманы қолданып келдім, ендігі кезекте Жоңғар Алатауындағы сиверсті қоса қолдану жоспарда бар. Алдағы таңда қос жақтың өнімін біріктіріп ерекше дәмге ие өнімді шығаруды көздеп отырмын»,- деді Дмитрий Зененка.
Тұмса табиғатымен ерекшеленген өлкенің өнімі осылайша кәдеге асуда. Бұл көрсең көзің тоятын әсемдіктің елге тартуы дерсің. Тарлан елдің төсіндегі осы бір жемістің бүр жарып, гүл атуы алаштың асылына айналған.