Өткен аптада Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз елі, Әзірбайжан, Косова және Македония журналистері Диярбақыр қаласында болды. Төрт күнге созылған саяхатта журналистер қаланың тарихи, көрікті жерлерімен танысып, «Шығыс қанаттары» фестиваліне қатысты.
Шарада «Шығыстың үш жұлдызы» атанған күрд әдебиетінің белді өкілдері молда Ахмед-и-Джезери, Фак-ий Тейран және Ахмед-и Ханидың туындылары оқылып, кітаптың тұсаукесері өтті. Жалпы, түрік ғалымдары елдің тарихын ғылыми жазбаларынан іздеп қоймай, ерте ғасырлардағы ақын-жазушылардың өлең шумақтарынан, туындыларынан ұлт болмысын зерттеуге көшкен. Осылайша, Түркияның тарихын тізбектеп, талай кітапты жинақтамақ. Сондықтан, «Шығыстың үш жұлдызы» кітабы тек бастамасы ғана.
Ұйымдастырушылар әр ғасырда өмір сүрген ақындардың өлеңдерін оқып қана қоймай, желісімен фильм түсіріпті. Тарихи фильм Диярбақыр халқына сенбі күні таныстырылды.
Айтпақшы, шаһар ғұламаларын, тарихын зерттеуді Диджле Универсиетінің ғалымдары мен білімгерлері мықтап қолға алған екен. Жоғары оқу орны Түркия Университеттерінің алғашқы отыздығына кіреді. 1966 жылы ашылған университетте бүгінде 33 мың студент оқып жатыр.
Салтанатты шарадан соң Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Ахмет Мисбах Демирхан мен Диярбакыр қаласының губернаторы Мунир Каралоглу шетелдік журналистермен арнайы кездесті. Сұхбат беріп, әр қилы сауалдарына жауап қатты.
Сол күні Диджле Университетінің ректоры барша мұсылман қауымға ауызашар берді.
Айман Асыл