Алакөл ауданы Арқарлы ауылында ат тұяғын дүбірлеткен кең көлемді «Құнан бәйге – 2022» жарысы өтті. Дүбірлі дода тай, құнан, аламан бәйгелерінен бөлек, көкпар мен қошқар көтеру сайыстарынан ұйымдастырылды.
Бәйгенің салтанатты ашылу рәсіміне Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов шабандоздарға сәттілік тілеп, өткізіліп отырған жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті:
-Атбегілік атадан балаға қалған кәсіп. Қазір жастарымыздың арасында тай жарысып, жылқы баптауға ден қойғандар қатары көбейіп келеді және бұл бізді қуантады. Ұлттық спортты дамыту бұл жас буынның тарихи санасын жаңғырту, құндылықтарымызды сақтауға деген қадам десекте болады. Бұл жастар үшін маңызды іс. Бүгінгі өткізіліп отырған құнан бәйге де осының дәлелі, -деді ол.
Жарысқа аудан ішіндегі шабандоздардан бөлек Ақсу, Сарқаннан келген атбегілер де қатысты. Шараның қорытындысы бойынша «Тай» бәйге сайысынан 1-орынды Бірлік Жәйсамбаев жеңіп алса, 2-орынды Шалқар Есіркенов және 3-орынды Құрманбек Ақубай еншіледі. «Құнан» бәйгеден Аян Немербаев 1-орынды қанжығасына байласа, 2-орынды Еркін Ошақанов пен 3-орынды Ғалым Мәкенов иеленді. «Аламан» бәйгесінде ерекше көзге түскен сарқандық Ғалым Мәкенов болды. Сонымен қатар, көкпар тартудан «Жайпақ» командасы алдыға шықса, қошқар көтерудан Төлеу Әсетұлы бірінші орынды қанжығалады.
Дода соңында Арқарлы ауылдық округінің әкімі Ерлан Төкенов пен «Бәйге – ұлттық ат спорты» федерацияның төрағасы Жасқайрат Қамзанов жүлдегерлерді марапаттап, ақшалай сыйлықтар табыстады.