24-30 наурыз аралығында Жетісу университетінде І. Жансүгіров Республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңін өткізеді.
Олимпиадаға 1090-ға жуық оқушы қатысады деп күтілуде. Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 9, 10, 11 сынып оқушылары екі бағыт бойынша білімдерін сыңға салады: жаратылыстану – математикалық және қоғамдық – гуманитарлық.
Айта кету керек, биыл Олимпиада алғаш рет «Oqylyq»платформасында өткізіледі. Олимпиаданы өткізуге қойылатын талаптарға сәйкес әрбір жалпы білім беру пәні бойынша әрбір қатысушы платформаға қосылу үшін веб-камерасы бар дербес компьютермен қамтамасыз етіледі.
Жалпы білім беретін 14 пән бойынша әрбір қатысушыға жеке логин,пароль және тізіліммен бірге жауап парақтарының бланкілері беріледі. Логин мен пароль онлайн-платформада республика бойынша белгіленген уақытта тапсырмаларды алу үшін пайдаланылады.
Әр қатысушыға арналған тапсырмалар жеке белгіленеді. Олимпиаданы өткізудің ашықтығы мен академиялық адалдығын сақтау мақсатында онлайн режимінде көру үшін бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етіледі.
«Олимпиаданың негізгі мақсаттары мен міндеттері Білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен практикалық шеберлігін тереңдету, жеке өзін– өзі дамытуға жәрдемдесу, дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды іріктеу және даярлау, Қазақстан Республикасындағы білім беру беделін арттыру», – деп атап өтті Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Маманқызы.
Олимпиаданың қорытынды хаттамалары «Жетісу дарыны»орталығының сайтында жарияланады. Ашықтық пен академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында үдерісті мүдделі емес «үшінші тұлғалар», яғни «Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің қызметкерлері және ЖОО оқытушылары бақылайды.