Алматы облысында қазіргі уақытта 43 елді мекенде су тасқыны қауіпі жоғары. Бұл туралы «Jetisy’ Media»ақпараттық алаңында өткен брифинг барысында белгілі болды.
Облыс бойынша қардың ең жоғары қалыңдығы 55 см-ге дейін Алакөл, Кербұлақ, Райымбек және Кеген аудандарында, ал қалған аумақтарда орта есеппен 5-15 см-ге дейін байқалады.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын көктемгі кезеңге дайындау мақсатында 3-4 наурыз аралығында облыс аумағында «Көктем-2022″Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған.
«Практикалық шара аясында барлық жерде су тасқынына қарсы іс — шаралар, соның ішінде арықтарды, каналдарды, су өткізу құрылыстарын, көпірлерді тазалау және дайындау жұмыстары ұйымдастырылады», — деді Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.
Сонымен қатар, су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша халық арасында алдын алу жұмыстары ұйымдастырылды, бүгінгі күні 7 мыңнан астам адамды қамтитын 146 жиын өткізілді және 3 мыңға жуық жадынама табыс етілді.