«Достық үйі» ғимаратының мәжіліс залында елімізге және республикаға белгілі үкіметтік емес ұйым өкілдері жиналып, қоғамдық ұйымдар проблемасын талқылады. Кездесуді ұйымдастырған облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек облыс аумағында тіркелген 20 астам белсенді ұйымның басын біріктіретін «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшелерімен кездесті.
Альянс өкілдері жақында тағайындалған басқарма басшысы мен қауымдастықтың жаңа басшылығына өз ұсыныстарын жеткізді. Кездесу барысында «Азаматтық альянс» қауымдастығының құрылтайшыларын көбейту, ұйым жұмысына мемлекеттік қолдау көрсету, тиімді жұмыс жасау үшін тұрақты орынжай тауып беру және бірлестік басшылығының мүшелерге есеп беру тетігін қарастыру ұсынылды.
Б. Керімбек үкіметтік емес әр ұйымның ұсынысын тыңдап, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі конкурстар мен гранттарға қатысып, ел игілігіне қызмет етуге шақырды.