Талғардағы Қызыл-Қайрат пен Гүлдана ауылдарында 2 дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Бүгінде Қызыл-Қайрат ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 5 мыңға жуық, ал Гүлдала ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 14 мыңдай адам тіркелген. Амбулаторияларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, қосымша коммуникациялар тартылған. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, медициналық қызметкерлердің ыңғайлы әрі сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік беріп отыр. Медициналық объектілер толықтай жаңа жиһаздармен, қажетті жабдықтармен, медициналық құрылғылармен қамтылды. Күндізгі стационар, балаларға арналған бөлме, сүзгі орны және өзге де бөлмелер ашылып, заманауи құрылғылар қойылды. Науқастар үшін функционалды диагностика қызметі қолжетімді болады. Сондай-ақ, ЭКГ мен УЗИ-ден өтуге де жағдай жасалған.
Қызыл-Қайрат ауылдық дәрігерлік амбулаториясында отолоринголог, офтальмолог, хирург, акушер-гинеколог сынды білікті мамандар қызмет көрсетеді. Осы игіліктердің нәтижесінде, медициналық көмек қызметі бұрынғыдан қолжетімді әрі сапалы бола түспек. Сонымен қатар, аудандық аурухананың жүктемесі азайып, дәрігерге кезекке тұрып, уақыт жоғалту мәселесі шешімін таппақ.
Айта кету керек, Талғар ауданында жыл басынан 5 амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта қалған 24-і қайта жаңартылып, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.