Панфилов ауданында жаңадан 280 пәтердің құрылысы басталды. Мәселен Нұркент ауылындағы екі 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға 1 миллиард 384,5 миллион теңге қаржы бөлінсе, Жаркент қаласындағы екі 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға және инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына 1 миллиард 143,6 миллион теңге бөлінді.
Пәтерлер келер жылы пайдалануға берілсе аудандағы үй кезегінде тұрған отбасылардың баспана мәселесі кезегімен шешілмек.
Биылдың өзінде наурыз және маусым айларында Нұркент ауылынан 240 үйдің кілті тапсырылмақ.
«Ағымдағы жылы ауданда құрылыс саласына айтарлықтай қаржы бөлінді. Жаркент қаласы мен Нұркент ауылдарында тұрғын үй құрылысын абаттандыруға және инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына сондай-ақ, жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге 250 миллион сомадан астам қаржы қарастырылған. Бұл өз кезегінде баспана мәселесін шешуде айтарлықтай септігін тигізеді» – дейді аудандық құрылыс саласының маманы Бауыржан Қашқынбаев.
Айта кету керек, жалпы ауданда 7 категория бойынша 4088 отбасы баспана кезегінде тұр.