Алматы облысында соңғы аптада 2 аптада коронавирусқа шалдығу дерегі азайып келеді, апталық өсім 0,7%-дан 0,6%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының эпидемиолог маманы Рандир Сахариев мәлімдеді.
Бүгінгі таңда вирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші күніне 290-360 жағдай деңгейінде тұр. Мәселен, бір күнде 358 жағдай тіркелді. Нәтижесінде, эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша Алматы облысы «қызыл» аймақта. Дегенмен, 20 қаңтардан 2 ақпан аралығындағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірде сырқаттанушылық деңгейі 11,2%-ға түскені байқалады.
«50 жастан асқан адамдар жиі ауырады, олар аурудың жалпы құрылымында 53,2%-ы құрайды, олардың көпшілігі коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алмаған»,-дейді Рандир Дәулетұлы.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңір халқының 942 мыңнан астамы екпенің бірінші бөлігін алса, 866 950 тұрғын вакцинаның екі компонентін толық салдырды. Ал Комирнати вакцинасына келер болсақ, алғашқы бөлігімен 80 218, екінші компонентін 40 187 адам қабылдады. Сондай-ақ, тұрғындардың 150 662 –і ревакцинация курсынан өтті.