Жеті басты айдаһардай «заһарын» шашып тұрған коронавирустық инфекцияны ауыздықтауға бар күшті салғанменде түрлі штамдары саңырауқұлақша қаулау үстінде. Соның бірі «Омикрон». ДДСҰ мәліметтері бойынша оның берілу жылдамдығы дельта нұсқасынан 5 есе жоғары екен.
Естеріңізге саламыз, 29 желтоқсанда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысы өтті.
Отырыс барысында елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты, бірақ «омикрон» штаммы бір ай ішінде әлемнің 110 елінде анықталғаны айтылды. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігінің қосымша шаралар қабылдау жөніндегі ұсынысы мақұлданды. Атап айтқанда, 5 қаңтардан бастап сауда орталықтыарына, сауда үйлері мен караокеге жасыл мәртебесі бар адамдарға ғана кіруге рұқсат етіледі. Ал, Қазақстан аумағында «омикрон» штаммы анықталған және эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда, банктерге, Қазпошта бөлімшелеріне, ХҚКО-ларға, спорттық-сауықтыру орталықтарына, СПА, бассейндерге және т.б. қатысты да осындай шаралар қабылданатын болады.
Аталған шектеу шаралары Алматы облысында айналып өтпек емес. Осы туарсында, Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев баспасөз-мәслихатында мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, Омикрон – бұл коронавирус ауруын тудыратын SARS-CoV-2 вирусының жаңа штаммы. Штамм басқалардан көптеген мутациялармен ерекшеленеді.
Сондай-ақ, Асхат Сәкенұлы аталған штамнан сақтанудың бірден-бір жолы ревакциниация дейді. Үшінші рет екпе салдыру ғана жаңа штамға шалдыққан жағдайда, аурудың жеңіл түрдеде өтуіне ықпал етеді деп сендіруде.
Аймақта, әлі күнге вирусқа қарсы вакцинация жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Вакцинаның бірінші компонентін 930 108 адам алса, иммундаудың толық курсынан 837 167 тұрғын өткен. Сонымен қатар, 43 673 адам үшінші рет вирусқа қарсы екпе салдырып, ревакцинациядан өтіп отыр.
Жалпы, Алматы облысында жыл басынан 57 767 тұрғыннан коронавирус анықталған. Ал, соңғы тәулікте КВИ – дің 10 жағдайы тіркелді, өсім қарқыны 0,02% деңгейінде сақталып отыр. Облыс жасыл аймақта орналасқан.