Радио ұжымы БАҚ саласында лицензия алып үлгерген. Қазіргі таңда, YouTube каналы жұмыс жасап тұр. Мұнда 50-ден астам әлеуметтік бағыттағы бейнероликтер көрермен назарына ұсынылған. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жеке тұлғалық дамуына ықпал етіп отырған -«Defacto FM» инклюзивті радиосының арнайы мобильді қосымшасы да іске қосылған. Таңдарман қауым, аталған қосымшаны Play Market-тен жүктей алады.
Айта кетейік, «Defacto FM» радиосының қызметкерлері өздерінің біліктіліктерін ұдайы шыңдауда. Ағымдағы жылы олар Алматы қаласындағы алдыңғы қатарлы радиожүргізушілерінің және облыстық «Жетісу» арнасының журналистерінің шеберлік сыныбына қатысқан.
«Бүгінде, инклюзивтік интернет-радио жобасы халықаралық деңгейге шықты. Лондонда Еуразиялық Шығармашылық Гильдиямен және мемлекеттік органдармен ақпараттық ынтымақтастық туралы меморандумдар мен шарттар жасалды»,-дейді «Defacto FM» радиосының журналисті Қарлығаш Бекенова.
Радиодағы шығармашылық жұмыс тұралған емес. Мұндағы эфирге шығатын бағдарламалар өз алдына бөлек әлем. Ал, тұрақты айдарлары туралы сөз басқа. Қазірде тыңдаушының құлағының құрышын қандырып, руханиятын сусындататын «Туған жер» айдары тыңдарман назарына ұсынылып отыр.
Аталған жұмыс, Жетісу өлкесінің көң тарихын зерделеуге бағытталған. Бұл айдардың тізгіншісі, Тұрғанов Нұрбек. Оның айтуынша, әлеуметтік топтың қай-қайсына болмасын тарихты білу қажет. Оны БАҚ арқылы насихаттау жеңілірек. Өйткені, сарапталған дүниені адамдар тез қабылдайды.
«Жетісу өлкесінің қойнауы тарихқа тұнып тұр. Соның ел білмейтін сырын жарыққа шығарғым келеді. Сол үшін тарих ғылымдарымен айналысатын тұлғалармен сұхбаттасып, шешірелі өлкеге қатысты тың деректердің таралуына септігімді тигізсем деймін»,-деді өз сөзінде «Туған жер» айдарының жүргізушісі, Тұрғанов Нұрбек.