Алматы облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Еркін» өнер Академиясының ұйымдастыруымен танымал журналист Бейсен Құранбектің тренингтерін ілгерлету мақсатында журналистік курс өтеді.

Оқу барысында студенттер, оқушылар Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары туралы жалпылама мәлімет алып, жарияланымдардың құрылымын зерттеп, әртүрлі жанрда материал жазуды, ақпарат көздерін тауып, телевизиялық жаңалықтар сюжетін жасауды үйренеді.
Дәрісті журналистикаға еңбегі сіңген, қазаққа белгілі тұлғалар 11 күн бойы 11 тақырып бойынша, онлайн ЗУУМ форматында тегін жүргізеді. Бұл курсқа 11 сынып оқушыларынан бастап, журналистикада еңбек етіп жүрген жандар да қатыса алады.
«Дәріс мақсаты Бейсен Құранбектің еңбегін, өткен өмірін келер ұрпаққа өнеге етіп, жасаған істерін ары қарай жалғастыру. Ағамыздың армандаған арманына бір тамшыдай үлес қосуына мүмкіндік берген Ішкі саясат басқармасына алғыс білдіреміз»,-деді Жетісу телеарнасының директорының орынбасары Д. Болысбекұлы.
Айта кету керек, дәріс барысында радиожурналистика, телеарна, газет, интернет сияқты журналистиканың барлық салалары қамтылады. Тағы бір ерекшелігі курс барысында дәріс қана оқытылмай, қатысушылар практика жүзінде де шыңдалады. Курс соңында қатысушылар арасында байқау жарияланып, ең үздігі ақылы түрде телеарна немесе газет баспасынан 1 ай тәжірибе жинақтайтын болады.