Алматы облысында 5 жылда 83 млн ағаш отырғызу жоспарлануда. Бұл туралы «Jetisý Media»алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрқуат Қонысбаев мәлімдеді.
Кешенді жоспарға сәйкес 5 жыл ішінде 83 млн. ағаштың 71 млн. данасын тұқым себу арқылы, 12 млн. данасын көшет отырғызу арқылы құру жобаланған.
«Облысымыздың мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы аумағы 5,4 млн. га құрайды және облыстың 24,1 % қамтиды. Орманмен көмкерілген жер көлемі 2 млн. га. Облыс аумағының ормандылығы 8,3 %. Орманды жерлердің басым бөлігі Кеген және Балқаш аудандары аумағына тиесілі. Бұл негізі қылқан жапырақты және сексеуілді ормандар»,-деді Нұрқуат Қонысбаев.
Жобаны іске асыру мақсатында Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Алматы облысы әкімдігімен және табиғат қорғау мекемелерімен бірлесе 2021-2025 жылдар аралығындағы Алматы облысының ормандарын молайту және орман өсіру көлемін ұлғайту бойынша Кешенді жоспарын әзірледі.
Айта кетейік, аталған жоба шеңберінде орманды отырғызу облыс әкімдігінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және басқада бастамашыл топтардың күштерімен жүзеге асыру қарастырылған.
Облыс аумағында Мемлекет басшысының орман қоры жерінде 2 млрд. ағаш отырғызу туралы тапсырмасын облыс әкімдігіне қарасты 14 орман шаруашылығы КММ, 3 МҰТП, 1 МТР, 1 МДП және 1 Селекциалық-тұқым өсіру орталығы іске асуын орындайды.
Жоғарыда аталған мекемелерде орманды молықтыру жұмыстарын орындауға қажетті стандартты отырғызу материалдарымен қамтамасыз ететін 30 дана орман тұқымбақтары бар.
Биылғы жылы тұрақты орман тұқым учаскелерінен барлығы 24,6 тонна орман тұқымдары жиналды.
