Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25% өсіп, 97 млн АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73 пайызын құрады. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Алматы облысы әкімінің баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.
Өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 процентке өсті. Мал қыстауы үшін облыс жем-шөппен толық қамтамасыз етіліп, 5,3 млн тонна азық дайындалды. Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жіберілді
«Бүгінде Алматы облысында барлығы 117 мал бордақылау алаңы және 84 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72%-ға, сүт зауыттары 85%-ке жетті. Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25% өсіп, 97 млн АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73 пайызын құрады. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет бір триллион теңгеден асады», – деп хабарлады облыс әкімі А.Ғаббасұлы.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2021-2024 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Тұрақтандыру қорын қалыптастыруға және жеңілдетілген несиелендіруге жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді, жалпы сомасы 3,7 млрд теңге. Оның 3 миллиард теңгесі кәсіпкерлік субъектілерін 0,01 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелендіруге және 700 миллион теңгесі 8,7 мың тонна өнім сатып алуға бағытталды.