Жыл сайын түрлі салада жетістіккке жетіп, көш бастап жүрген белсенді жастар арасында облыс әкімінің «Көшбасшы» жастар сыйлығы табысталады. Айтулы шара биыл да жалғасын тауып отыр. Демек, ағымдағы жылы дәстүрден жаңылмай «сен тұр, мен атайын» деген үздіктер «Көшбасшы-2021» жастар сыйлығында лайықты тұғырына қонады.
«Сыйлыққа үміткерлер ретінде Алматы облысының 14-тен 29 жасқа дейінгі белсенді жастары қатыса алады. Номинация жеңімпазы атану үшін үміткерлер белгілі бір салада жетістіктерге жетуі қажет. Сонымен қатар, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар жеңімпаздары, қоғамдық өмірге белсенді қатысып, елдің алғысын алған жастар өтінімдерін өткізулеріне болады. Сыйлыққа ұсынылу үшін үміткер белсенді, білімді, креативті ойлайтын, Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянып қалмайтын нағыз көшбасшы жас болуы керек»,-дейді Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров.
Жастардың жалынды энергиясы, батыл шешімдері, жарқын идеялары, мақсатқа жетудегі табандылықтары қоғам үшін әрқашан құнды. Осы уақытқа дейін Алматы облысы әкімінің марапатына ие болған жастар легі аз емес. Биыл аталмыш байқау облысымызда 19-рет өткізілгелі тұр.
Жыл санап, жастардың байқауға деген қызығушылығы мен жеңіске деген ұмтылыстары артып келеді. Оған әр жыл сайын келіп түсетін өтінімдер саны мысал бола алады. 2019 жылы 200-ден астам қатысушы өз бақтарын сынаса, былтырғы жылы үміткерлер саны 350-ге жуықтаған. Биылғы жылы жастар төмендегі 20 номинация бойынша бақ сынайды: «Үздік жас мемлекеттік қызметші»

- «Үздік жас әскери қызметкер»
- «Үздік жас дәрігер»
- «Үздік жас ұстаз»
- «Үздік жас ғалым»
- «Үздік жас спортшы»
- «Үздік жас журналист»
- «Үздік жас кәсіпкер»
- «Үздік жас батыр»
- «Ауыл шаруашылығының үздік жас маманы»
- «Үздік жас отбасы»
- «Үздік жас өнерпаз»
- «Жасыл ел» жасағының үздік сарбазы»
- «Үздік студент»
- «Үздік ерікті»
- «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы»
- «Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы»
- «Үздік жас саясаткер»
- «Жастар үкіметтік емес ұйымының үздік көшбасшысы»
- «Үздік жас әдебиетші»
Айта кетейік, әр жеңімпаз 250 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие бола алады.