Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту бағыттары бойынша Талдықорған жастарының қатысуымен дойбы ойыны өтті. Ойдың ұшқырлығы мен қырағылықты талап ететін бұл ойын бұрынғыдан өзгерек болды.
Шахмат тастарының орнын жас жеткіншектер алмастырды. Ерекше форматта ұйымдастырылған ойын ел аумағында бірінші рет өткізіліп отыр. Аталмыш идеяны жүзеге асырушы Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы болып табылады.
«Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алуына 20 жыл толуына орай, колледж студенттері арасында «Көңілді дойбы» ойынынан қалалық жарыс өтіп жатыр. Бұндай сайыстар алдағы уақытта жалғасын табады деп жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз ел арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар санын көбейту»,-дейді Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.


Жалпы сайысқа 7 команда қатысты. Әр құрама 12 ойыншыдан және бір жетекшіден құралады. Жетекші ойыншыларға шахмат тақтасы ішіндегі қозғалысты айтып отырады. Команда беріп отырушы адам ойыншылардың атынан шатаспауы тиіс. Ол кімнің қай жерде отырғанын білуі қажет. Жүрістен жаңылған жағдайда қарсыластан ұтылып қалу қауіпі ұлғая түседі. Яғни, топтың жеңіске жетуі жетекшіге байланысты. Ойын шахматтағы ережелерге сай өтеді. Бір өзгешелігі, биге шыққан ойыншыға тақия кигізіледі. Сол арқылы «биді» ажыратады.
Жеңімпаз топтарға арнайы жүлде қоры да тағайындалған. Бірінші орын алған құрамаға 100 мың, екінші орын 70 мың, 3 орынға 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификаттар табысталды.
Сайыс нәтижесі бойынша, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып «Спорт интернатынан» келген команда жеңіске жетсе, жүлделі екінші орын «Политехникалык колледждің» еншісінде кетті. Ал үздік үштікті Талдықорған қаласының «Гуманитарлық техникалық колледжі» түйіндеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *