Алматы облысы әкімшілік орталығының Талдықорған қаласына көшіп келгеніне 20 жыл толуына арналған пленэр өтті
Жастар саябағында, тутұғыр жанында 85 суретшінің қатысуымен пленэр өтті. Олардың арасында кәсіби мамандар, әуесқойлар, сондай-ақ студенттер, оқушылар және көркемөнер мектептерінің оқушылары атынан жаңа бастаған суретшілер бар.
Негізгі міндет — қаланың көрікті жерлерінің бірін салу және сүйікті қаланың әсемдігі мен сұлулығын қылқаламның көмегімен жеткізу.
«20 жыл ішінде біздің облыс орталығы танымастай өзгерді. Көптеген бірегей сәулет құрылыстары салынды. Біз Талдықорған қаласының көрікті жерлерін кәсіби және жаңадан бастаған суретшілердің көзімен көрсеткіміз келеді. Ал 22 қыркүйекте қорытынды шығарып, құрама көрмені ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев.
Іс-шараға қатысушылар сурет салудағы көркемдік стильдердің алуан түрлілігін көрсетті.
«Біздің Талдықорған осы жылдар ішінде керемет эстетикалық келбетке ие болды. Сүйікті қаланың сұлулығын бейнелеу біз үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі жұмысым үшін мен орталық алаңда орналасқан Тайқазан түріндегі субұрқақты таңдадым. Мен ұлттық элементтердің заманауи сәулетімен үйлесімін көрсеткім келеді», — деді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Есет Дәуренбаев.
Мұндай пленэр болашақ кәсіби суретшілер үшін үлкен маңызға ие. Бұл бейнелеу өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген тәжрибелі суретшілерден тікелей сабақ алуға мүмкіндік берді.
«Мен сурет салғанды ұнатамын. Сурет салу үйірмесіне бесінші жыл қатысып келемін. Бүгінгі байқау үшін біздің әдемі жаңа театр таңдадым. Мен ол жаққа жиі барамын. Мен үшін бұл ең ерекше ғимарат. Өз суреттерімде оның сұлулығын қайталауға тырысамын және менің жұмысым баршаға ұнайды деп үміттенемін», – дейді пленэрге қатысушы 11 жасар Көркем Қайратқызы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *