
Бүгін «Jetysu media» ақпараттық алаңында «2021 жылы медициналық мекемелерге тіркелу бойынша науқан»тақырыбында брифинг өтті. Бұл тақырыпта әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Біржан Байжанов баяндама жасады.
Қазақстанда жыл сайын 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жеке тұлғаларды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына бекіту қағидаларына сәйкес тұрғылықты аумағы шегінде емхананы еркін таңдау науқаны өтетіні белгілі.
«Науқан кезінде БМСК ұйымына бекітіле отырып, азаматтар медициналық көмекті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды. Бұл ретте ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде алдағы жылға қызметтер көрсетуге арналған қормен шарт жасасуға тиіс» -деп мәлімдеді Нұрлан Отарғалиев.
Естеріңізге сала кетейік, сақтандырылу мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар. Алайда, жоспарлы емдеуге жатқызу, белгілі бір мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу қажет. Бүгінгі таңда біздің облыстың 487 мыңнан астам азаматы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Сақтандырылу мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-да SaqtandyryBot арқылы білуге болады.
Тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша Медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркелуге қолжетімді емханалардың тізімімен Қор сайтында танысуға болады www.fms.kz «емхананы таңдау» бөлімінде.
Емханаға қалай тіркелуге болатынын Біржан Досымханұлы айтып берді. Оның айтуынша, тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша Медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі.

«ЭЦҚ болған жағдайда емханаға электрондық үкімет порталында тіркелуге болады www.e.gov.kz ол үшін «денсаулық сақтау» бөлімінде «медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу»қызметін таңдау қажет. Барлық өрістер толтырылғаннан кейін пациент туралы ақпарат автоматты түрде емханаға түседі. Егер барлық манипуляциялар дұрыс жасалса, өтініш берушіге медициналық мекеменің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған тіркеу туралы хабарлама келеді», – деді ол.
Сондай-ақ, Біржан Досымханұлы азаматтардың жекелеген санаттары үшін тіркелу бойынша өзгерістер, атап айтқанда, қандастар, босқындар, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер және (немесе) азаматтығы жоқ адамдар туралы баяндады.