«Ashyq» жобасына қатыспайтын нысандардың демалыс күндері қызметіне тыйым салынады. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.
Қауылыға сәйкес, демалыс күндері «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес нысандарының сағат 00:00-ге дейін, аталмыш жобаның көшбасшыларының түнгі 02:00-ге дейін, «жасыл мәртебе» болған жағдайда жұмыс жасауына рұқсат етілді.
Сондай-ақ, 2021-2022 оқу жылында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 25 тамыздағы №36 қаулысында көрсетілген шарттарды сақтай отырып, барлық меншік нысанындағы және ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдарында штаттық форматта оқытуға рұқсат берілді.
Ал, «Ashyq» жобасына қатыспаған жабық базарлар (азық-түлік және азық-түлік емес)
сауда үйлері, сауда желілері, қоғамдық тамақтану орындары, оның ішінде жазғы алаңдар, діни нысандар мен монша, сауналардың жұмысы тоқтатылады.
Ерғали Сыдымановтың айтуынша, соңғы тәулікте КВИ-дің 390 жағдайы тіркелді. Негізінен, КВИ вакцина алмаған адамдар арасында анықталып отыр. Өңірде вакцинаның 1 компонентінен 732 255 доза келіп түсті, бүгінгі күні вакцинаның бірінші компонентімен – 659 331 мың адам, екінші компонентімен – 530 642 мың адам егілді.
Екпе алғандар саны біртіндеп көтеріліп келе жатыр. Бұл көрсеткішті әліде арттыру қажет дейді жауаптылар. Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Джансеңгіров, жоспарға сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцинаны өңір халқының 52,8% – ы немесе 1 100 000 адам алуы керек екендігін атап өтті.
Жетісу жерінде бір тәулікте 371 адам ауруханаға түскен. Қазіргі кезде төсек-орын санының жүктемесі 53,2%-ы құрап отыр. Осы сәтте 3239 науқас стационарда ем қабылдауда. Реанимациялық бөлімде 90 адам жатыр, оның 10-ы өкпені жасанды желдету аппаратына таңылған. Облыс бойынша барлығы 510 реанимациялық төсек – орын бар. Арман Серікұлы жыл басынан инфекциялық стационарларда 30 141 науқастың жазылып шыққанын айтты. Спикердің сөзіне сенсек, шілде айымен салыстырғанда тамызда ауыруынан құлан-таза айыққандар саны 2,2 есеге артқан.