
Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны Ғалия Қожамбергенова мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант алып, тігін цехын ашты. Мамандығы бойынша инженер-құрылысшы Ғалия Ордамбайқызы осыған дейін түрлі қызметте болғанымен, тігін ісіне қызығушылығы ерекше болған. Сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыру мақсатында өткен жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
«21 күн бойы онлайн курстан өттім. Кейін бизнес-жоспарымды әзірлеп, сертификат алдым. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобамды сәтті қорғап, 583 400 теңге қайтарымсыз грант алдым. «Атамекеннің» арқасында осылайша цехымды ашып, жұмысымыды жүргізіп жатырмын», – дейді кәсіпкер.
Грант қаражатына мамандандырылған тігін машиналары, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алынды. Қаскелең қаласындағы бизнес орталықтарының бірінде цех үшін орынжай таңдалды. Тігін цехында үш адам жұмыс істейді. Тапсырыстар жергілікті тұрғындардан ғана емес, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен қалаларынан да беріліп жатыр.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділдің айтуынша, осы жылы ауданда «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша 484 азамат оқу курсын аяқтап, 70 бизнес-жоба қаржыландырылды.