
Егемен еліміздегі күрішті өңірлердің қатарында бақ дарыған біздің Балқаш ауданы да бар. Киелі өңіріміздің жері шөлді-шөлейтті, қысы қатты, жазы аптап ыстық болып келетін табиғаты қатал аймаққа орналасқанына қарамастан, аудандағы күріш өсіруді қолға алған шаруашылықтардың алдына жан салмайтыны да рас.
Еске сала кетсек, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін негізінен мал шаруашылығымен айналысқан Балқаш өңірінде 1966 жылы Ақдала массиві игеріліп, ауданымыз күріш өсіруді қолға ала бастаған еді. Биылғы жылы Балқаш ауданы бойынша барлығы 7400 гектар жерге күріш егілді. Бір кездердегі күріш өсірумен айналысқан ірі-ірі кеңшарлар бүгінгі күні агрофирмаларға бірігіп, замана талабына сай шаруаларын дөңгелетіп отыр. Аудан бойынша күріш өсірумен айналысатын төрт шаруашылық болса, жеті күріш ақтау цехтары жұмыс жасайды. Солардың бірі әрі бірегейі күріш өсіру бойынша ауданда көш бастап тұрған шаруашылықтардың бірі– «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған шаруашылық ағымдағы жылы 1114 гектар жерге күріш дәнін еккен. Қазіргі таңда мұндағы күріш дақылы өсу фазасының масақтың сүттену кезеңінде.
2004 жылы Еуроодақтың аграномдары келіп, ауданымыздың суын, жерін, күріш дақылдарын зерттей келе, «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өсіретін ақ маржанға экологиялық таза өнім деген Еуроодақтық сертификат та берген.
Иә. Расыменде бақ пен ырысы артқан біздің Балқаш ауданының ақ маржаны елімізде өте жоғары сұранысқа ие десем, артық айтпаған болар едім. Өйткені, күнделікті өмірде еліміздегі өзге аймақ тұрғындарының аузынан «Бақанастың ақ күрішіне не жетсін?!» деген сөзді жиі естіп жататынымыз ақиқат. Әрине, бұл біз үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе.
Ал дәні себілген күннен бастап, 115 күн бойы суда тұратын, яғни суды көп қажет ететін ақ маржанды өсірудің де өз қиыншылықтар бар. Бұл дегеніміз кез келген күріш өсіруді қолға алған шаруашылықтың күріштен мол өнімді оңайшылықпен алмайтынына анық дәлел.
«Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қыстаубаев Алмас Әбдіжаппарұлымен тілдескенімізде, шаруашылық басшысы бізбен бірқатар жоспарларымен бөлісті:
-Алдағы уақытта техникалық паркін және күріш тұқымынан элиталық тұқымдарының сорттарын алып келіп, бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл тұрғыда жердің құнарлығын арттыру аса маңызды мәселе дер едім. Ал, бұданда сапасы жоғары өнімге қол жеткізу ол да үлкен еңбекті қажет етеді,-деген болатын.
Ендігі кезекте, күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтың тарихына тоқталып өтер болсақ, «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2001 жылы Балқаш ауданының Бірлік ауылында құрылған болатын. Қазіргі уақытта серіктестікке тиесілі 5500 гектар суармалы жер болса, онда аудан байлығы-ақ күрішіміз, бидай және көпжылдық жоңышқа егіледі. Атап өтер болсақ, 1114 гектар алқапқа күріш, 1700 га жерге бидай егілген болса, бүгінгі күні аталмыш шаруашылық бидай жинау науқанын аяқтап, бидайдан 18,5 центнерден өнім алып, астық қамбаға құйылды.
Бұдан бөлек, аталған серіктестіктің мал шаруашылығымен айналысуда да тасын өрге домалатып отырған жайы бар. Мұнда мың бас жылқы малы, үш мың бес жүз бас ірі қара мал және төрт мың бес жүз бас уақ мал өсірілуде.