Жасы мен жасамысы түгелдей тарихи сәтке куә болған күн мәресіне жетті. Осылайша, кіл мықтыдан шын мықты әкім болып сайланып, әр қайсысы Алматы облысындағы 71 ауылдық округтің болашағын қолдарына алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, Жетісу өлкесінің ауылдық округтерінде әкім сайлауы жоғары дәрежеде өтіп, аймақ халқы көңілінен шығатын үздік үміткерге өз дауыстарын берді.
Алматы облысы бойынша әуелде 279 үміткер тіркелсе, 235-і сынан сүрінбей өтіп, ақтық мәреге барды. Олардың ішінде 71 кандидатты бұқара өңірімізді басқаруға лайық деп таныды.
Алматы облысы сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылықтың айтуынша, облыста шамамен сайлаушылардың 66,6%-ы, яғни 147706 адам сайлауда дауыс берген.
Бүгінгі таңда сайлаушылар Еңбекшіқазақ ауданының-10, Ақсу ауданының-9, Алакөл ауданының-8, Балқаш, Ұйғыр аудандарының -6, Кеген ауданының -5, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Талғар аудандарының -4, Сарқан ауданының -3, Жамбыл, Қаратал аудандарының -2, Ескелді, Іле, Қарасай аудандарының және Текелі қаласының -1 округтерінің әкімдеріне дауыс берді.
Таңмен таласа есігін айқара ашқан сайлау пунктері сағат 20:00-де жұмысын аяқтады. Елдегі саяси жүйенің жетілуіне ықпал еткен науқанның әділ, ашық, шынаы өтуін, 442 бақылаушы, сайлауға түсуші ұміткерлердің 340 сенімді өкілі бақылаған. Сонымен қатар, 229 БАҚ өкілі басты дода турасында тікелей ақпарат таратумен айналысты.
Алты алаштың алдында ашық өткен сайлау осылайша соңына келді. Елі- ерін, ері – елін тапты деген сенімдеміз.