
Алматы облысында халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыру бойынша жұмыс үздіксіз жүргізілуде, жарты жылдың қорытындысы бойынша 1 622 257 адам немесе халықтың 77,8% – ы медициналық сақтандыруға қатысушы болып табылады, деп хабарлайды JETISÝ MEDIA.
«МӘМС жүйесінен тыс Облыстың 464 130 тұрғыны бар. Бұл жағдай халықтың осы бөлігінің МӘМС пакетінің медициналық қызметтеріне қолжетімділігіне байланысты белгілі бір проблемалар туғызады. Алайда, олар әрқашан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы. Негізгі үлесті БЖТ тұрақты емес төлеушілер құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жедел медициналық көмекті қажет етпейтін және берешегі бар азаматтарға БЖТ-ны 3 ай қатарынан (ағымдағы айдан бастап) және 2 айдан кейін төлеуге болатындығын еске саламыз. Алдағы уақытта мәртебені сақтау үшін төлемдерді үздіксіз төлеу қажет», – деп бөлісті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев.
Айта кету керек, 2021 жылға арналған сатып алу жоспарына сәйкес облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге нақтыланған бюджет 164,6 млрд.теңгені құрады, оның ішінде мемлекет кепілдік берген медициналық көмек көлемі (ТМККК) – 108,7 млрд. теңге және МӘМС пакетіндегі медициналық қызметтер – 55,8 млрд. теңге. Өткен жылмен салыстырғанда бюджет 138,8% – ға ұлғайды.
«Ағымдағы жылы профилактикалық медицинаға, балалар денсаулығын қорғауға, мектеп медицинасына, онкогематологияға ерекше назар аударылатын болады. Қор тарапынан ЭКҰ – ға квоталарды ұлғайту бойынша «Аңсаған сәби» және ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалту – «Қамқорлық» бағдарламаларын іске асыру толық қаржылық қолдауға ие. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 2021 жылы Жамбыл ОАА, Ұзынағаш ААА оңалтуды жүргізеді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота 7 еседен астам ұлғайтылды», – деп атап өтті спикер.
Естеріңізге сала кетейік, Қор жұмысының басты бағыттарының бірі – халықпен кері байланыс орнату және пациенттердің құқықтарын қорғау. Біздің қызметтеріміз шағымдарды, сұрақтар мен ұсыныстарды өңдеуге қабылдай отырып, халыққа білікті ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетеді.