Тәуелсіздігі тұғырлы Қазақстан саяси тұрғыда тұғырына нық қонғанын дәлелдеп келеді. Оның бір көрінісі, бүгін бастау алған ауыл әкімдерін тікелей сайлау науқаны.
Баршаға мәлім, өңірде су жаңа 71 әкім сайланатын болады. Барлық сайлау пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған.
Мәселен, әрбір сайлау пунктінде термометрлердің көмегімен келушілердің температурасын өлшеу үшін жауапты қызметкерлер кезекшілікте тұр. Сондай-ақ, қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер, 1.5 және 2 метрлік қашықтық белгілер және сайлаушылар үшін қозғалыс бағыты бойынша көрсеткіштер қойылған.
«Сайлау комиссияларының жұмысы кезінде жұмыстың барлық кезеңінде бетперде режимін сақтау, масканы әр 3 сағат сайын ауыстырып отыру, ғимаратқа кірген кезде қолды өңдеу, қол алысуды және тікелей байланыстың басқа да түрлерін болдырмау қажет»,- дейді Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз-хатшысы Әлия Шагиахмет.
Қаперлеріңізде болсын, сайлау учаскесінде өзін-өзі оқшаулау немесе карантин шарттары қолданылатын сайлау комиссиясы мүшелерінің және сайлау процесіне басқа да қатысушылардың болуына жол берілмейді.
Айта кетейік, Ақсулық ағайындар науқанға белсенді қатысуда. Олар өз үміткерлеріне дауыс беріп, екі шылбыр, бір тізгінді қолына алушы болашақ әкімді таңдауда. Солардың бірі, зейнеткер Алма Түрікпенова.
«Бүгінгі айтулы күннен қалыс қалмау үшін, таңмен таласа сайлау пунктіне келдім. Өз ісіне жауапты, келешекте ауылымызды өркендетеді деген кандидатқа дауыс бердім. Қай үміткер әкім болып сайлансада, ел үмітін ақтайды деген ойдамын»,- дейді
І. Жансүгіров ауылдық округінің тұрғыны, Алма ханым.
Сайлау басталғалы, ел тұрғындары белсенділік танытуда. Олардың таңдауы кімге түскенін кейінірек білетін боламыз. Бастысы, тізгінді қолға алған азамат халқына адал болсын.