Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қадам басқан мемлекетіміздің болашағы жастар. Елдің кемел келешегі де білімді, ақылды, жан-жақты қалыптасқан жастардың қолында. Ең бастысы, болашақ ана саналатын қыздың тәрбиесі – ұлттық тәрбие, ұлттық мүдде. Жаны сау анадан – дені сау ұрпақтың дүниеге келетіні, қалыптасатыны шындық. Сондықтан, қай кезде де қыз баланың тәрбиесі назардан тыс қалмайды.
Кеген аудандық мәдениет үйінде «Қыз тәрбиесі – адамзат тәрбиесі» атты жоба аясында «Қыз тәрбиелеген отбасы – ұлтын тәрбиелейді» атты облыстық аналар форумы болып өтті. Аталған игі шараға облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директоры Сандуғаш Дүйсенова, облыстық аналар кеңесінің төрайымы, облыстың Құрметті азаматы Несіпжамал Баймадиева бастаған бірсыпыра аудандық аналар кеңесінің төрайымдары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Форумға Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов ортақтасып, жылы лебізін білдіріп, оның жұмысына сәттілік тіледі. Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы Рысалды Таударбекова, Бөлексаз ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Әлия Халелқызы, дәрігер Гүлмира Мұқанова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ауданның Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Бақытгүл Көнеева сөз алып, әр отбасындағы қыз баланың тәрбиесі, осы бағытта жүргізіліп жатқан сан қырлы істер туралы әңгімеледі. Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директоры С. Дүйсенова мен облыстық аналар кеңесінің төрайымы Н. Баймәдиева осындай ізгі шараның өткізілуіне негіз қалаған, қолдау көрсеткен Кеген ауданының әкімдігіне, азаматтарына алғыстарын айтты. Аудан аумағындағы әр сала бойынша ерен еңбектері бар, өнегелі ұл, тәрбиелі қыз өсіріп, қанаттандырған Ұ. Бабалиева, Н. Таласбаева, Қ. Көбенбаева, М. Мұқамедиева секілді әз аналарға лайықты сый-құрметтерін көрсетті. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнееваны да марапат-шарапаттарына бөледі. Форумның соңы әсем ән, тәтті күймен ажарланды.
