Алматы облысында «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен «Ел тірегі – Елбасы» қайырымдылық акциясы бастау алды. Игі шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Али қатысты. «Былтырғы жылы еріктілер жұмысы негізгі 7 бағытта жүзеге асырылды. Облысымыздың 4 мыңға жуық еріктілері күш біріктіріп, әлеуметтік осал топтағы 28 мың отбасына көмек көрсетті. Ағымдағы жылы өңірімізде аталған қарқынды бәсеңдетпей, жүйелі істер жалғасын таппақ», – деді Рустам Али.
Республикалық «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында игі істер жалғасуда. Осы тұста, өңір еріктілерімен бірге ел егемендігінің 30 жылдығына орай көмекті қажет ететін 30 мың отбасына қолғабыс етуді жоспарға қойылған болатын. Міне, биыл жыл басынан бері еріктілер 4000-ға жуық отбасына көмек көрсетіп үлгерді. Бүгін Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған қайырымдылық акциясында Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы және облыс еріктілерінің қолдауымен 2000 әлеуметтік осал топтағы отбасыларға, 6000 азық-түлік қораптары таратылды. Әрбір қораптың салмағы 50 кг құрайды. Облыстың әр аудан, қаласынан барлығы 25 жүк көліктері келіп, қажетті азық-түлікті тиеп, ізгі бастаудың ақжолтай аманатын арқалап әкетті.
Сәния Балқыбаева, Өтенай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана:
Аталған акцияның бастауында жүрген барша жанға алғысым шексіз. Қиын жағдайда қалдырмай, қашанда қолда бармен көмек көрсетуге тырысқан еріктілерге істеріңіз жемісті болсын деп тілеймін. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен көмек.