Электорондық жүйе жер қатынастары саласындағы 10 мемлекеттік қызметті қамтиды. Бұл туралы «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов мәлімдеді.
Айтуынша жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтен бөлек, сәулет және қала құрылысы саласындағы 6 мемлекеттік қызмет электрондық форматқа ауыстырылды. Бүгінде олар Талдықорған, Текелі және Қапшағай қаласында тестілеуден өтуде.
«Қалалардың бас жоспарларын енгізе отырып, жер кадастры, сәулет және қала құрылысы дерекқорларын интеграциялау жұмыстары жүргізілді. Бас жоспарларды қабат бойынша қарау, елді мекендердің аумақтарын, тұрғын және тұрғын емес құрылыстарды, елді мекендердегі қызыл сызықтарды функционалдық аймақтарға бөлу мүмкіндігі ұсынылған. Электрмен, газбен, жылумен, сумен жабдықтау мен кәріз инженерлік желілерінің, телекоммуникация желілерінің деректері цифрландырылған. Субъектілердің инженерлік желілерге қосылуына техникалық шарттар беру процестері және ведомствоаралық келісу процестері автоматтандырылды», – деді Сәбит Сәдуақасов.
Айта кетейік, ағымдағы жылы жоғарыда көрсетілген жұмыстарды Алматы агломерациясының аймағына кіретін 5 ауданда жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта уәкілетті орган тарапынан ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне тексеру жұмыстары толығымен жүргізілді.