Өңірде коронавирус инфекциясының өсу қарқыны тәулігіне 0,3% құрады. Бүгінде облыста коронавируспен ауыратын 5300 науқас тіркелген, оның 4889 – і сауығып шықты, 98 – і ем алуда. Бұл туралы облыстың бас дәрігері Өмірзақ Ниязбеков мәлімдеді.
Айтуынша қазіргі уақытта стационарлық емдеуде барлығы 176 адам бар, оның ішінде 38 адам инфекциялық стационардың 1-деңгейінде, 138 адам инфекциялық стационардың 2-деңгейінде ем қабылдап жатыр.
«Бірінші инфекциялық аурухананың жүктемесі 33,0% құрайды, 2- деңгей (уақытша) – 23,7%. Ал жалпы пандемияның ықтимал екінші толқынына 5280 төсек-орын дайындалды. Пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге, оның ішінде коронавирустың екінші толқынына дайындыққа 8,9 млрд. теңге бөлінді», – дейді Өмірзақ Ниязбеков.
Айта кетейік, облыс бюджетінен және резервінен коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындалуға қосымша 7,3 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 2 компьютерлік томограф, 150 бірлік ӨЖЖ аппараттары және медициналық ұйымдарға арналған дәрілік заттар, жылжымалы рентген-аппарат, 3 цифрлық рентгенологиялық жүйе, 100 бірлік оттегі концентраторы, 2000 дана өкпені емдеуге арналған пульсоксиметрлер мен виброакустикалық массажерлер және тағы басқа керекті медициналық құралдар сатып алынды.