Биылғы жыл күрделі болғаны баршаға мәлім. Дүниені дүрбелеңге салған пандемия барлық салаға әсерін тигізбей қоймады. Экономикадағы тұрақтылықты сақтау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Дегенмен, Алматы облысы бұл үдеден шықты.
Мәселен, соңғы 9 айдағы қорытындыға келетін болсақ, өңірдегі өнеркәсіпте өсім 3,1% көрсетіп, түсім 846,7 млрд.теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығындағы өнімділік үлесі 2,4% артқан. Сәйкесінше, қазынаға түскен қаржы 634,6 млрд.теңгеге жеткен, құрылыс саласында өсім 1,6%-ға жетіп, нәтижесінде 208,2 млрд.теңге пайда түскен.Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Президент жанындағы ОКҚ алаңында өткен баспасөз-мәслихатында баяндадыд
– 2020 жыл коронавирус індетіне байланысты оңай болған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес Үкімет дер кезінде халықты әлеуметтік қорғау және бизнесті қолдау шараларын қабылдады. Осының арқасында экономиканың негізгі салаларында өсім қарқынын сақтай алдық, – деді өңір басшысы Амандық Баталов.
Облыс әкімінің айтуынша, тоғыз ай ішінде 437,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 8,8% құраған.
Аймақ экономикасының дамуына үлкен үлес тағы бірқосатын бағыт инвестициялық жобалар екені даусыз. Жетісу жерінде дәл сондай 517 жоба жолға қойылған. Олардың жалпы құны 5 трлн. Теңгеден асады. Соның арқасында 45 мың жұмыс орны ашылған.
Бүгінде облыс аграрлық бағыттан бірте-бірте аграрлық-индустриалдық бағытқа өтуде, қазір өңдеу өнеркәсібінің үлесі 87%-ға жетіп жығылады.
– Біздің бүгінгі міндетіміз – Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес әртараптандырылған және технологияланған экономиканы қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізуде Трансұлттық копаниялар маңызды рөлге ие. Трансұлттық компаниялардың жалпы сомасы 165 млрд. теңге болатын, төрт мың жұмыс орнын құратын 9 жобасы жүзеге асырылуда. Оның үшеуі – «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» іске қосылды, жыл соңына дейін тағы бір нысан – қуаттылығы жылына 60 мың тонналық «SSA Фид Миллс» құрама жем зауыты пайдалануға беріледі, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Ақжолтай хабардың легі мұнымен толастар емес, алдағытаңда қуаттылығы жылына 1,2 млн. тонна болатын облыстағы алғашқы цемент зауыты «Алацем» іске қосылады
Жалпы биылғы жылы жалпы құны 153 млрд. теңге болатын барлығы 71 жоба жүзеге асырылады. Жыл қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеден асады, шикізаттық емес экспорт 6%-ға өсіп, түсетін пайда көлемі 406 млн. АҚШ долларына жетеді деп жоспарлануда.