Алматы облысы аргарлы аймақ. Республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімділігінің өңірге тиесілі үлесі-17%. Дегенмен облыс осымен тоқтап қалмай, одан әрі дамуға бағыт алған. Бұл туралы бүгін Президент жанындағы ОКҚ алаңында Президент Жолдауының өңірде орындаулы туралы өткен брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.
– Президенттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес біз бұл бағытта төрт негізгі стратегиялық мақсатты белгіледік. Олар – ет пен сүт өндірісін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, – деді А. Баталов.
Аймақ басшысының айтуынша, облыста ірі қара мал басы 1,3 миллионнан, ал қой мен ешкі 4,2 млн. бастан асты. Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 26 мың басқа арналған 82 тауарлы-сүт фермасы құрылған. «Алайда ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі небары 4% өсіп, 66%-ті құраса, сүт зауыттарының жүктемесі – 73,4%. Сондықтан біз 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді өз сөзінде А. Баталов.
Сондай-ақ Президенттің суармалы жерді ұлғайту туралы тапсырмасына орай облыста жалпы 138 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу жоспарланған.
Өткен жылы 20 мың гектар қалпына келтірілсе, биылғы жылы тағы 20 мың гектар айналымға қосылады. Бұл АӨК өндірісінің көлемін арттыруға және оның экспорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал етеді.
Қазірдің өзінде көрсеткіштеріміз жаман емес. Өткен 9 айда АӨК өнімі экспортының көлемі 1,3 есе өсіп, 93 млн. АҚШ долларын құрады. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығында жалпы өнім 2,2% өсіп, пайда 900 млрд. теңгеден асады, ал еңбек өнімділігі 2,5 млн. теңгеге жетеді.