Пандемия кезінде шағын және орта бизнес көп зардап шекті. Соған байланысты Алматы облысында дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бизнестің 119 мың субъектісі салықтық ынталандыруға қол жеткізді, 641 субъектіге 24 млрд. теңге несие бойынша төлемді кейінге шегеруге жағдай жасалды. Сондай-ақ, өңірдегі 6,5 мың жалгерлер үшін жеке секторда жалға алу құны 30%-дан 90%-ға дейін төмендетілген, бизнестің 690 субъектісі коммуналдық меншік мүліктерін жалға алу төлемінен толық босатылды. Кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 16,2 млрд. теңге бөлінді.
– Осы айтылған шаралардың барлығы шағын және орта бизнес көрсеткіштерін өткен жылдың деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді. Соған сәйкес шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1,7 трлн. теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34% жетеді. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 %-ға жеткізу тапсырылған болатын, біз бұл межеге келесі жылы жете аламыз, – деді А. Баталов.
Сөз басында тілге тиек еткен, пандемия кезінде билік тұрақтылықты сақтап, жұмыстың алға жылжуына барын салды. Осы орайда пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 13,8 млрд. теңге бөлінгенін атап өткен жөн.
Тарқататын болсақ, биылғы жылы аймақ бойынша 12,9 млрд. теңгеге денсаулық сақтау саласының 17 нысаны салынуда, 7 нысанның күрделі жөндеуіне 3,0 млрд. теңге қаржы қарастырылған.
– COVID-19 індеті денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сын болды, қабылданған шараларға қарамастан кадр жетіспеушілігі, құрал-жабдықтар жеткіліксіздігі әлі бар. Сондықтан жалпы пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 13,8 млрд. теңге бөлінді, соның 8,8 млрд. теңгесі екінші толқынына дайындыққа қарастырылды, – дейді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы.
Оның айтуынша, Талдықорған қаласында қысқа мерзім ішінде 200 төсектік модульді инфекциялық аурухана салынды. Ол барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және штатпен қамтылды. Ал материалдық қолдау көрсету шеңберінде 5362 медицина қызметкеріне 4,7 млрд. теңге көлемінде үстемақы төленді, 1123 медицина маманына жергілікті бюджеттен 137 млн. теңге сыйақы берілген.