Ауыл ажарын ашатын алғашқы нысан Балқаш ауданы, Бақанас ауылындағы дене шынықтыру – сауықтыру кешені. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып отырған жоба 2019 жылдың қазан айында бастау алған болатын. Бүгінгі күні нысандағы жұмыстың негізгі бөлігі аяқталып, 73 процентті құрап отыр. Мұндағы шаруалар 14 айға жоспарланған. Кешен заманауи. Ішінде жаттығушыларға бар жағдай жасалған. Шағын футбол және волейбол залдары, бокс залы жұмыс істейді. Ауласында арнайы жүгіру жолағы да бар. Ғимараттың су және жылу жүйелері тартылуда. Бүгінгі таңда 90 пайыз жұмыстар аяқталып отыр. Абаттандыру, айналасын ретке келтіру де ретімен орындалып келеді. 12 бірлік техника, 62 жұмысшы күші тартылған. Бұл өз кезегінде ауыл балаларының саламатты өмір салтын ұстанып, спортқа бейімделуіне үлкен мүмкіндік болмақ. Жалпы, аталған жобаға 1 млрд, 102 млн теңге қарастырылған.
Ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы да сәтімен іске асуда. Оған бір дәлел Бақанас ауылында 20 жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуі. Үйсіз-күйсіз жүрген азаматтарды баспанамен қамту мақсатындағы бұл іске «Капстройгрупп-Т» ЖШС-гі жауапты. Келісім шарт құны 321,1 млн. теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттары рәсімделуде. Бұл өз кезегінде аз қамтылған, көп балалы және кезекте тұрған отбасыларға үлестіріледі.
Жалпы, ауыл өмірінің басты айнасы – мәдениет ошағы. Мәселен, Береке ауылында мәдениет үйі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Мәдениет ғимараты сан жылдан бері тозығы жетіп, жаңартылмай, тұралап қалған еді. Қазіргі таңда нысандағы жұмыстар 90 пайызға аяқталып қалды. Мұнда 26 адам жұмыспен қамтылған. Аудандағы өркенді істер бұл ғана емес, келер жылы да күрішті өңір игі бастамаларымен ілгерлемек.