Қылмыс атаулының алдын алу үшін барлық құқық қорғау органдары барын салуда. Бұл әуел баста мемлекет басшысының алға қойған міндеттерінің ішіндегі негізгі тармағы болған еді.
Осы істің төңірегінде Ақсу ауданындағы көрсеткіштер көңіл қуантады. 2019 жылмен салыстырғанда аудан бойынша тіркелген қылмыс саны 31,2 пайызға азайған. Сөйтіп, соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 227 қылмыс тіркелген.
Жалпы қылмыстың ашылу көрсеткіші 2020 жылы 90,6 % құрап отыр.
Бүгінгі күні ең көп тіркелетін қылмыс түрі бөтеннің мүлкіне қол сұғу болып табылады. Бұл тұрғысыцнда статистика 73 істің қозғалғанын көрсетуде. Ал, өткен жылы аталған іс бойынша 164 қылмыстың бары анықталған.
«Бүгінгі күні аудан жұртшылығын аса алаңдататын қылмыс түрі, бұл мал ұрлығына қатысты қылмыстар болып табылады. Мал ұрлығы қылмысына келетін болсақ, 2019 жылы 58 қылмыс орын алса, 2020 жылы 36 қылмыс тіркеліп, 22 қылмыстық дерекке төмендеген. Ашылу көрсеткіші 2019 жылы 76,9% болса, биылғы жылы 78,6%-ды құрап, 1,7 пайызға артқанын байқап отырмыз»,-дейді Ақсу аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Әділмұрат Байзолда.
Қазіргі кезде осы қылмыстардың бетін ашу мақсатында Кеңжыра, Б.Сырттанов ауылының кіре берісі жерлеріне жалпы саны 5 бейнебақылау камерасы орнатылса, Жаңалық ауылының кіре берісі және шыға беріс жерлеріне 3 камера орнатылған. Алдағы уақытта барлық елді мекендерге камералар орнату жоспарлануда.
Сонымен қатар, құзырлы органдар «GPS» трекерлерді қолдану, малдарды сырғалау, қараусыз қалдырмау және т.б. алдын алу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне ерекше назар аударуда.
«GPS» трекерлерді қолдану қылдмыстың алдын алуға ықпал етеді дейді жауаптылар.
Себебі, құрылғы малға орнатылғаннан кейін орналасқан жерін спутниктік байланыс арқылы қарауға мүмкіндік туындайды. Қазіргі таңда бірнеше компаниялар аталған бағыт бойынша аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде.