Сарқан ауданында кең жолақты интернет желісі тартылуда
Сарқан ауданында талшықты-оптикалық байланыс желілерін
тарту жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
2017 жылы 31 қаңтарда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қәбілеттілік» атты жолдауында кеңінен тоқталып айтып өткен еді.
«Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет.
Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.
Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын.
Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек.
Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс.
Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады деген еді – Елбасы.
Осыған орай аудан орталығынан шалғай жатқан Лепсі өңіріне және Амангелді, Бақалы, Черкасск, Алмалы, Екіаша ауылдық округтеріне кең жолақты интернетке қосу жұмыстары қарқын алып, биылғы жылы толығымен тартылуда.
Кең жолақты интернет желісін алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандарға тарту қарастырылған. Олар әрине, мектеп, балабақша, аурхана, полиция бөлімшесі, почта торабы және ауыл мәдениет үйі. Бұл дегеніміз мамандардың, ұстаздар мен оқушылардың, дәрігерлер мен участкелік полиция инспекторларының жұмысын көп жеңілдететіні сөзсіз.
Интернеттің мәселесі аудан әкімінің есептік кездесуінде жиі көтерілетін мәселелердің бірі еді, қарапайым қосымшалар түгілі керекті ақпаратты іздеу қиындық туғызатын болғандықтан ауыл халқы аудан орталығына сабылатындығын айтқан еді.
Енді халық көп баратын орындарда сағаттап күтудің қажеті жоқ, өйткені «Электрондық үкімет» порталы арқылы үйден шықпай уақыт үнемдеу арқылы қажетті анықтамаларды алуға мүмкіндік тууда.
Сонымен қатар, ауыл жастарының заман талабына сай мектептерде ІТ, робототехника кабинеттері ашылып, оқушылардың тек кітаптан беттерінен көріп қана қоймай, оны тәжрибе жүзінде қолдауға өз септігін тигізетіндігі анық.