Тәтті түбірден табыс тауып отырғандар десе бірден көксулық шаруалар еске түседі. Алматы облысына қарасты Көксу ауданында 153 шаруа қант қызылшасын өсірумен айналысады. Аудан бойынша 2407 гектар жерге дақыл егілген. Бөлінген жерден 84 мың тонна өнім алынады деп күтілуде.
«Былтырғы жылы 80 мың тонна қант қызылшасы алынған. Жеке шаруа қожалықтарынан өнім көрсеткіші әр гектарына 350 центнерден айналады деп болжануда»,-дейді Көксу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі .
Қызылша Көксу қант зауытында өңделеді. Бүгінгі күні өндіріс аймағында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Зауытты жаңа жұмыс кезеңіне дайындауға 200 адам жұмылдырылған.
«Қазіргі кезде шикі қантты өңдеудің технологиялық желілерін енгізу бойынша жұмыстар аяқталуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта қондырғыларды бағдарламалық қамтамасыз ету және суда схеманы сынау үшін»Техинсервис Инвест «ЖШҚ мамандары келеді»,- дейді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Аббатов.
Бүгінде Көксу, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған, Қапшағай қалаларындағы шаруа қожалықтарының қызылша алқаптарын таксациялау жұмыстары жүргізілуде.
Анар САБЫРОВА