«Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы
№ 287 Жарлығын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 126 қаулысының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес салық-бюджет саясатының мәселелерін реттеу мақсатында 2020 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғандағы кезеңде ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары бойынша заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің мүлік салығының мөлшерлемелеріне «0» түзету коэффициенті енгізілген.
Бұл ретте, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 3 шілдедегі Заңның 1-бабының 13) тармақшасына сәйкес дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары – жеке адамдардың дене жаттығуларымен, спортпен айналысуына және спорттық іс-шараларды өткізуге арналған, арнайы жабдықталған (соның ішінде спорттық мүкаммалмен) объектiлер (алаңдар, үйлер, ғимараттар) болып табылады.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексінің 490-бабының 1-тармағына сәйкес «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкерлерді қоспағанда, дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі қаражат, жылжымайтын мүлікке инвестициялар құрамында есепке алынатын, техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, құрылыстар, осындай ғимараттардың бөліктерісалық салу объектісі болып табылады.
Осылайша, мүлік салығының мөлшерлемелеріне «0» түзету коэффициенті, егер салық төлеушіде Салық кодексінің 519-бабына сәйкес салық салу объектілеріне жатқызылған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт объектілері тіркелген активтердің құрамында болған жағдайда қолданылады.
Бұл ретте, 2020 жылғы 20 наурыздағы № 126 қаулыда жеңілдіктерді қолданудың негізділігін растайтын қосымша критерийлер мен құжаттар қарастырылмаған.
Мемлекеттік кірістер комитеттің веб-сайтында «Экономиканы тұрақтандырудың одан әрі шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын іске асыру шеңберінде жеңілдіктерді қолдануға құқығы бар салық төлеушілердің тізімімен таныса алатындықтарыңызды қосымша хабарлаймыз.
Алматы облысы бойынша МКД