Алты алаштың данасы, хәкім Абайдың өлмес мұрасы ұрпаққа үлгі. Дара тұлғаның ұлты үшін атқарған теңдесіз еңбегін насихаттау мақсатында 10 тамыз-Айбай күні деп белгіленді.
Қазақтың бас ақынын ұлықтау шарасы жер –жерде басталып кетті. Бұл қатарда Алматы облысы да бар.
Баршаға белгілі короновирустық инфекцияға байланысты барлық іс-шаралар онлайн негізде атқарылып жатыр. Бұл айтулы күндегі біршама істер осы форматта өтуде.
Абай күніне арналған шараның шымылдығы өңір басшысы Амандық Ғаббасұлының әлеуметтік желіде жерлестерді құттықтауынан бастау алды. Артынша, облыстық «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Абай өлеңдерін оқу» шарасы әлеуметтік желіде жалғасын тапты.
Ал, облыс орталығына іргелес жатқан аудандар болса, Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып жатты.
Әрмен қарай, этнос өкілдерінің арасында Абай өлеңідерін оқу эстафетасы өтсе, Бикен Римова атындағы облыстық драма теарының әртістері ақынның бірнеше мысалдарын онлайн түрде көрерменіне тарту етті.
Айта кету керек, жыл басында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен ақындар мүшайрасы өткен болатын. Жыр додасына 200-ден астам ақын қатысқан еді.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтаған Ғалым Жайлыбай бастаған қазылар алқасының сүзгісінен 100 ақынның арнауы мүдірместен өтті.
«Сөзі мірдің оғындай» сөз зергерлерінің арнаулары «Адамзаттың Абайы» атты арнайы жинаққа енгізілді. Айтулы күні дәл сол жыр жинағының тұсауы облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасында кесілді.
Аталмыш жинақты шығару үшін қазынадан 5,7 млн. теңге бөлінген. Кітап Абайдың елі, яғни Шығыс Қазақстан облысына сыйға тартылмақ. Сонымен, Алматы облысы бойынша, дүбірлі күнге орай бас-аяғы 30 шара ұйымдастырылды.
«Абай-ұлтымыздың ұлы тұлғасы. Оның тіршілігінде елі үшін атқарған еңбегін ешқашан ұмыстпауымыз керек. 10 тамыз-Абай күні деп белгіленуі құптарлық жайыт болды. Кешегі мен бүгінгінің өмір салтын саралап кеткен, дана әрі дара жанның мерейтойын жоғары дәрежеде өткізуге барымызды саламыз. Елдегі жағдайға байланысты барлық шара онлайн форматта өтуде. Бастысы елінің нар тұлғаға деген құрметі деп білемін. Абай күні мәңгі жадымызда жаңғырады»,-дейді Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.
Абай Құнанбайұлының өшпес өнегелерін бүгінгі таңда жас буын барынша дәріптеуде. Осыған орай Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Taldy Paris» шығармашылық тобы «Jetisy ART» тарихи – танымдық жобасын жасаған болатын. Бірегей жобаның авторы Еркеғали Мейрамұлы. Танымдық жобаның мақсаты-халықты ата-бабаларымыздың тарихын және Абай еңбектерін білуге тарту.
«Графикалық кескінде тарихи тұлғалардың тұжырымдамасы (афоризмі, дәйексөзі) және оның суреті бейнеленген. Елдің назарына ұсынылатын туындымда стилистикалық юлистрация қолдандым. Абай Құнанбайұлының бейнесі қаламыздың көрікті жерлерінде орналасқан тұрғын үйлердің қабырғасында бейнеленеді»,-дейді Еркеғали Мейрамұлы.
Мұндай бірегей істер алдағы таңда жалғасын табатын болады.