Ағымдағы жылдың көктемінен бастап бар әлем белгісіз дертпен күресіп келеді. Онысы коронавирус инфекциясы деп аталған індет екенін барша жұрт жақсы біледі.
Ешкімді аямаған аурудан құтылу үшін билік барын салуда. Сондағы мақсат халықты аман сақтап қалу.
Алматы облысының дәрігерлері де қол қусырып қарап отырған жоқ. Керісінше тажалмен бетпе-бет келіп қызмет етуде. Кеселді ауыздықтау шаралары күшейгені сол екен, істе өз нәтижесін берді.
Мәселен, екі аптаның ішінде Алматы облысы бойынша дертке шалдыққандар саны 470-тен 426-ға түскен. Соған сәйкес, жедел-жәрдемнің көмегіне жүгінушілердің де қатары 25% төмендеді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, өңірде 4104 адам короновирус инфекциясын жұқтырған. Оның ішінде 3233 науқас құлан-таза айығып шықты. Ал, індеттің өсу қарқыны болса соңғы тәуліктерде 1,6 пайызды құрап отыр.
Жағдай жақсарды дегенмен әліде болса дерттің беті қайтар емес. Облыста 4420 адам ақ халаттылардың бақылауында тұр. Олардың 2298-і стационарда ем қабылдаса, 576 адамнан ауру белгілері байқалмағандықтан үйде емделіп жатыр.
Ауруханада орын тапшылығы азайған. Бүгінгі күні емхананың 67% науқастарға толса, қалған орын бос тұр. Бұл көрсеткіш алдағы таңда түседі деп күтілуде.
Ем-домның дарығаны, тұрғындардың айығуы бұның бәрі дер кезінде вирусты анықтаудың арқасында жүзеге асуда. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап 95 933 мың адам ПТР зерттеуінен өтті. Күніне шамамен 1000-1200 адам сынама тапсырады.
«Жетісу жерінде 4 зертхана қызмет етеді. Оның бірі «Ұлттық сараптама орталығының» вирусологиялық зертханасы, аса қауіпті инфекциялар зертханасы, Талдықорған обаға қарсы күрес станциясының зертханасы және Еңбекшіқазақ ауданының аудандық ауруханасы жанындағы жылжымалы ПТР зертханасы, онда тәулігіне 1 500 мыңға дейін covid-19 зертханалық зерттеулер жүргізіледі»,- дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.
Бірғана талдау нәтижелерімен іс бітті деуге келмес. Мұнда отандық жіне жергілікті медицинаның ахуалының сыналғанын еске салған жөн. Дегенмен, Алматы облысындағы медициналық мекемелердің жағдайы жаман емес. Керекті құрылғылардың барлығы дерлік қол жетімді. Мәселен, 18 шілде күні 50 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты алынған. Алдағы уақытта 275 бірлік оттегі концентраттары ауруханаларға таратылады.
Мамандарда жеткілікті. 3455 медицина қызметкері адам өмірін ажалдан арашалаау жолында еңбек етуде, бұл қатарда орта және кіші санаттағы 2604 медицина мамандары да бар.
Айта кетерлігі, COVID-19-бен күресу мақсатында 17 медициналық ұйым жұмылдырылған.