Аққу – рухани тазалықтың, адалдықтың және шынайы махаббаттың белгісі. Оларды әлемдегі ең әдемі құстар деп айтсақ қателеспейтін шығармыз.
Бүгін қаламызға қос аққу келіп қонды. Қора және Шажа өзендерінің тоғысып, Қаратал өзенінің бастау алатын сағасында, «Махаббат көпірін» салуды жоспарлаған жерде қос аққу көл бетінде жүзіп, қаламызға әдемі көрініс сыйлауда.
Таң мен күннің арасы таянғанда,
Таудың басы алаумен боялғанда,
Тірілетін таудағы бар тіршілік
Қанатынан аққудың оянған ба?!
– деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, табиғаттың осындай тылсым құбылысын жақсылыққа жорып, береке мен мейірімнің белгісі деп түсінемін.
Қос аққудың өңірімізге табан тіреуі, қазіргі елде болып жатқан жағдайдың оңалып, жақсы күндердің хабаршысына айналғандай.
Бұл да бір Табиғат Ананың берген сыйы. «Жақсы сөз – жарым ырыс»,-деп дана халқымыз айтқандай, Текеліге қонған – қос аққуымыз жақсылық пен шуақты күндердің жаршысы болғай.
«Жақында біз жоба дайындап, мұнда Махаббат көпірін салуды жоспарладық. Бүгін мұнда екі аққу қеліп қонды. Бұл жай ғана кездейсоқ емес. Мен мұны қаламыз үшін жақсы белгі және тарихи сәт деп санаймын. Қымбатты тұрғындар, аққуларды қорқытып алмауларыңызды өтінемін. Оларды осында тұрақтап, ұя салып, өркендеудің және бақыттың белгісіне айналдырайық!».