Мына әлемді жайлаған дерт елдің шырқын алғанына біраз уақыт болды. Статистикаға сүйенсек, оның қаншалықты қауіпті екенін сезінуге болады. Оның әлем экономикасына дағдарыс әкелгені де анық. Әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе ем іздеп, бүгінгі ғылымның жетістіктерін пайдаланып, дертке қарсы күресте ынтымақтаса әрекет етуде.
Бұл қауіп Қазақ елін айналып кетпегені тағы анық. Осындай ел басына төнген қиын заманда дертке дауа табу үшін елге сақтық шараларын жасаумен қатар сабырлық, байсалдылық, бірлескен қимыл ауадай қажет. Осы жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің ресми сайтындағы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында халыққа жан-жақты жеткізді деп ойлаймыз.
Елбасы өз мақаласында болашақ үшін алдағы қиын заман сынағын еркін еңсеру бағытында талай жұмыстар атқарылғанын айта келіп, Қазақ елінің алдында тұрған тың міндеттерді абыроймен атқарып шығудың жолдарын жеткізді.
Ел басына түскен сындарлы сәтте халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және сенімі арқасында бұл нәубетті жеңіп шығамыз. Ол үшін халыққа тағы да сабыр, әр адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, жауапкершілікпен келуі тиіс. Сонда ғана бұл дерттің екпіні қайтады. Елбасы айтқандай, ұлт денсаулығы-мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.
Алтынбай ШӘКЕНҰЛЫ.