Дүниежүзін жайлаған індетке қарсы тұру үшін әлем бірігіп әрекет етуде. Бұл жалпы адамзат баласының қандай қиындықта да бірге екендігінің зор дәлелі болса керек. Бүгінде барша әлем жұртының жалғыз тілеуі де тілегі де – жаны мен жақынының амандығы.
Азаттығымыздың ақ таңынан ұлағатты ұлтының бірлігін бекемдеп, тұтастығын ту еткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы да осынау дүрбелең шақта қазақстандықтардың көңіліне демеу, ертеңіне сенім ұялатты. Сабыр мен шыдамдылық, тәртіп пен төзімділік, береке мен бірлік бәрін жеңеді. Бұл күн де өтер. Қиындықты қашанда қамқорлық пен мейірім жеңілдетеді. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ету қанына сіңген халқымыз бұл жолы да қазыналы қарттарын қамқорлыққа алып, қолдау көрсетіп жатыр. Қала жастары «Біз біргеміз!» акциясы аясында азық-түлік таратып, бетперде үлестіруде. Кәсіпкерлер де қайырымы мол шарапатты істе бастама көтеріп, тұрғындардың қажетін өтеуге жұмыла кірісуде.
Мемлекет мерейі – мығымдығында. Біз қай заманда да қайсар рух пен өрліктің үлгісін дәлелдеген ұлттың ұрпағымыз. Біртұтас бірлігімізбен, бейбітсүйгіш ымырашылдығымызбен, ынтымағымызбен бәрін жеңеміз. Біз Елбасымен біргеміз!
Бақыт Шалбаев, Текелі қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы