«Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» жарлық бойынша Ең алдымен шақыруға елге өз бетінше көмектесуге және қиын жағдайда қоғамды қолдауға өз күш-жігерін жұмсауға ниет білдірген адамдарды тартады. Онысы орынды.
«Толарсақтан саз кешкен» кездер артта қалғанымен ел бірлігі сын садағына іліккен уақыт қайта келді. Төтенше жағдайға байланысты дүрліккен халықтың қауіпсіздігіне тек билік жауапты деп қарап отыру, ерлер үшін сын. «Білекке сенген заманда» ешкімге дес бермеген кешегі Абылайдай алыптардың ұрпақтары ұлан-ғайыр атырабын қорғауы тиіс. Елді- мекендердегі тыныштықты күзетіп, кез келген мезетте төнген қатерде алдыңғы шепте тұруымыз керек. Туған жеріміздің бүтіндігі үшін бірігуге дайынбыз.
Жұдырығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай ерлер ел басына күн туғанда қол қусырып отыруы жарамас. Сондықтан да, арнаулы жиындарға бір ауыз сөзге келмей бару міндет. Қоғамды қорғау, отаныңа деген ыстық ықыласпен отбасыңа деген жанашырлықтың көрінісі. Тұтас Қазақстанды емес тұрғылықты жеріңнің аумағында қызмет атқарудан бас тарту ұят. Бірлігі жарасқан елдің азаматтары әсте аяғын тартпас. Бабалар аманат еткен өлкенің ертеңі біздің қолда. Ендеше, бұл сәтте аянып қалмауымыз керек.
Әр кім қара бастың қамын күйіттеп кетсе айтып келмес опаттың орына бірінші түсеміз ғой.
Етек жеңімізді жиып бірігетін күн жеткен.