«Тәжді» вирус жер жаһанды жайлады. Ресми ақпараттарға сүйенсек, бүгінде әлемнің 155- тен астам елінде пандемия белең алып отыр. Оның ішінде біздің мемлекетте бар.
Індеттің таралу аумағы үздіксіз ұлғаюда. Қазіргі кезде еліміз бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің жарлығымен төтенше жағдай енгізілді. Ел билігі дүниені дүрліктірген дерттен сақтану үшін, оның алдын алуға бағытталған біршама шараларды қабылдады. Қос алып шаһар Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылып, екі қалаға қатынау уақытша шектетілді. Бұдан басқа, ірі сауда үйлері, кинотеатрлар, театрлар, ойын-сауық орындары, тіпті туристік демалыс кешендерінің бір қатары есігін жапқан еді. Бұл сақтық шараларының республика көлемінде орын алғаны ғана.
Елді есеңгіреткен кеселден құтылуға халық болып жұмылу керек. Осы орайда Алматы облысы белсенді жұмыс жасауда. Өңірдегі 19 аудан-қала өздеріне қарасты елді мекендер мен аудан орталықтарында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әсіресе Алматы шаһарына жақын аудандар халық көп жүретін жерлерді, орталық алаң, балабақша, ойын алаңдары және аялдамаларды дезинфекциялауда. Аймақтарда коронавирустың алдын алу, таралуына жол бермеу мақсатында залалсыздандыру және тазалық жұмыстары күшейтілуде. Сонымен қатар, дүкен, мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары мен сән салондарына вирустан қорғану жолдары жазылған арнайы нұсқаулықтар таратылды.
Кей аудандар залалсыздандыру жұмыстарымен қоса, тұрғындарға тегін бетперде тарату жұмысын мықтап қолға алып отыр. Мәселен, Текелі қаласының тұрғыны, кәсіпкер Светалана Оңғарбаева 2 күнде 300-ге жуық түрлі өлшемдегі бетперделерді көпбалалы отбасыларға тегін таратып берген. Бұдан бөлек, Қаратал, Балқаш, Райымбек аудандардында жергілікті тігіншілердің, тұрғындардың бастамасымен, әкімдіктің қолдауымен медициналық маскалар халыққа тегін беріліп жатыр.