«Еріктілер жылы» аясында, Наурыз мерекесінің қарсаңында, Сарыөзек ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Нұржан Нұрлыбаевтің қолдауымен Кербұлақ ауданы Жоламан ауылдық округіне қарасты Арқарлы асуында балқарағай көшеттері отырғызылды.
Шараға қонақ ретінде Қазақстанның эко амбассадоры, «Сосновый бор Алматы» жобасының иесі Тимур Елеусізов келді. Бұл игі бастама аудан мен облысты көгалдандыруға үлес қосқысы келетін барлық еріктілер үшін үлгі боларлық іс.
Нұржан Нұрлыбаев, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөзді негізге ала отырып, барлығын сауапты іспен айналысуға шақырды. Оның айтуынша, шараға әркім қолынан келгенше атсалысып, өз үлестерін қосуда.
«Бұл шараны біреу үшін немесе мақтаныш үшін істеп жатқан жоқпыз. Бізге шыршаларды да біреу алып беріп жатқан жоқ, барлығы өз қалтамыздан, әркім өз шамасы жеткенше көмектесуде. Біздің мақсат – еліміздің гүлденіп, ауданымыздың көгалдануына аз да болсын үлесімізді қоссақ деген ниеттеміз. Бұған дейін, Алматы қаласында «Сосновый бор Алматы» жобасы аясында өткен ағаш отырғызу шарасына қатысы келген болатынмын, содан кейін, неге осы игі бастаманы өз ауданымда іске асырмасқа деген ой келді. Алдағы уақытта, осы ізгі іс шараны жалғастырмақ ойымыз бар. Барлық жастарды ауылымыздың гүлденуіне ат салысуға және қазіргі уақытта қазақтың басына келген қайғыға мойымай, ізгі амалдармен айналысуға шақырамын,-деді жас кәсіпкер Нұржан Нұрлыбаев.
Оның айтуынша, мұндай сауапты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Шара аясында 15 түп қарағай отырғызылды, сонымен қатар, ол 4 түп арша ағашын Орталық аудандық мешітті көгалдандыруға сыйға тартты.
Ал отандық экобелсенді Тимур Елеусізов жас кәсіпкердің бастамасына қолдау білдірді.
«Біз бүгін Нұржан досымыздың бастамасымен Арқарлы асуына қарағай ағаштарын отырғызуға келдік. Нұржан бауырымыз біздің «Сосновый бор Алматы» жобамыздың аясында ұйымдастырылған екі шарамызға қатысып, шабыт алып, енді өзінің туған жерін көгалдандыруға бел буған екен. Тек қана іске сәт дейміз! Бұл барша қазақстандықтарға үлгі боларлықтай шара»-деп атап өтті Тимур Елеусізов.
Еске салсақ, бұған дейін 2020 жылдың 1 наурызында аудан азаматы, жеке кәсіпкер Нұрлыбаев Нұрберген Баяхметұлы көгалдандыру шарасын өткізіп, 7 түп шырша отырғызған болатын, бүгінгі күні әкесінің ісін баласы жалғастырып, шыршалардың саны 22-ге жетті.